Ауыз су жайы адам айтып нанғысыз. Оның үстіне, аймақтың бір бөлігі кәріз жүйесіне қосылмаған. Бұл, Наурызбай ауданындағы негізгі мәселелердің бірі ғана. Облыс құрамында болған кезде титтей де шаруа жасалмаған елді мекенде үш жылдан бері тірлік жаңарып келеді. Алматы аумағына қосылғалы аудандағы әлеуметтік мәселе шешім таба бастаған. Әлі де болса, ауыз суға жарымай отырған жұртпен Әнуарбек Жалел тілдесіп келді.
Талай рет телеарналардан ауыз суға жарымаймыз деп базынасын айтқан бұқараның қатарында зейнеттегі Райхан апай да бар. Кейуана, мұндағы мәселенің барлығын бес саусағындай біледі. Зейнеткер, тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар түрлі амалдармен су тартып, оның қаншалықты таза екенін білмесе де, тұтынуға мәжбүр болып келген дейді. Кәріз жүйесі туралы әңгіме қозғалмайтында.
«Біз бұл жерде 2007 жылдан бері өмір сүріп келеміз. Осы уақытқа дейін білгенімізше су тартып, тұтынып келдік. Өркениет дамыған шақта қарапайым таза су мен кәріз жүйесіне жарымай отырғанымыз біртүрлі еді. Тіпті, айтуға ыңғайсыз. Қазір жөндеу жүріп, құбыр салды дейді. Енді, тек барлығы біткенше күту қалды»,- деді Қала тұрғыны, Райхан ЕЛАМАНОВА.
«Осы Қалқаманда су біраз болған жоқ. 2005 жылдан бастап халық өзі жиналып, өз тарапынан су тартты. Бірақ бізде Қалқаманда канализация жоқ. Енді, қазір 2014 жылдан бастап үкімет тарапынан, бюджеттен ақша бөлініп, мынау Наурызбай ауданында қазір халыққа су тартылып, су беріліп жатыр»,- деді Қала тұрғыны, Қарлығаш ӨТЕБАЛИНА.
Иа. ауыз судың тартылып жатқаны ертеден емес. Себебі, бұл аймақ Алматы облысының құрамында болған кезде, шешілмеген шаруа шаш етектен еді. Алайда,үш жылдан бері Алматы аумағына қосылып, бүтін аудан құрылғалы күрделі жөндеулер жаймен жасалып жатыр. Әлеуметтік мәселе мен коммуналдық проблемалар қазір түбегейлі шешілмесе де сейіліп қалған. Ал, ауыз су жайын қозғағанда, бұқара базынасы осы әңгімеден басталатын еді.
«Ауданымыз бойынша, Наурызбай ауданының сумен қамту жобасы дайындалып жатыр. Бұл жобада - біріншіден Қарғалы және Ақсай өзендерінде су қойма және су тазалау станциялары салу жоспарлануда. Одан басқа, осы ауданымыздағы тоғыз елді мекенде су жүйесі және кәріз жүйесін салу жоспарланып отыр»,- деді Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Бүгінде, Наурызбай ауданында 70-ші жылдары салынған құбырлардың 60-80 пайызының тозығы жеткен. 2014 жылдан бері Қалқаман 1,2,3 және Алты Алаш шағын аудандарында 72 көшеге 123 шақырым су құбыры мен 80 шақырым кәріз құбырының құрылысы жүріп жатыр. Ал, алдағы уақытта «Ақсай» су тазарту станциясының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге жеткізу жоспарда бар. Айта кетейік, әзірге ауданның 30 пайыз тұрғыны қаланың су жүйесінен тұтынып отырса, 20 пайызы 54 ұңғымадан, қалған 50 пайызы Ақсай және Қарғалы өзендерінен су алып отыр.
Наурызбай ауданындағы үш шағын ауданның тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ететін «Қарғалы» су тазарту станциясы дәл менің артымда тұр. Бұл су тазарту станциясы тәулігіне шамамен 6000 текше метр таза су тұтынушыға ұсынып отырады. Алдағы уақытта, таудан ағатын суды қабылдайтын құбырлардың диаметрін үлкейту арқылы шамамен тәулігіне 15 мың текше метр таза су тұрғындарға ұсынылмақ.
Ағымдағы жылдың екінші жартысында құрылыс жүрген шағын аудандарда су мен кәріз жүйесі қосылады деп күтілуде. Қазір тұрғындармен келісім шарт жасасып, Алматы Су холдингінде жеке шот ашу жұмыстары жүріп жатыр.
Әнуарбек Жәлел Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы