Ныспысы жоқ жерде тұрамыз. Алматыдағы «Жетісу» саяжайының халқы 20 жылдан бері өздері тұратын көшеге атау бере алмай әлек. Олар аудан әкімдігіне барып, талай рет жәрдем сұраған. Одан қалды, үй салуға рұқсат беретін тілім қағазға да қол жеткізе алмай жүр екен.
Шамырқанған тұрғындар уәж айтумен әлек әлі. «Жетісу» саяжайының тұрғындары 20 жылдан бері өздері тұратын көшеге ат ала алмай жүр. Қажет кезде шақырылған тәртіп сақшылары мен жедел жәрдемге мекен-жай түсіндіру қиынның қиыны дейді.
«Көшенің аты жоқ. Жедел жәрдем шақырсақ, Құлжа трассасы деп шақырамыз. Амал жоқ сол жақа барып күтіп аламыз», - деді Алматы қаласының тұрғыны Қайрат МІСЕБАЙ.
«Жетісу» саяжайында қазір 100-ге жуық түтін бар. Қажетті коммуналдық мәселені өздері-ақ біртіндеп шешіп алған. Ал, кейін келгендері үй салуға рұқсат ала алмай отыр. Өйткені, телімді пайдаланудың мақсаты бөлек. Сол себепті, тұрғындар аудан басшылығы бұл жайтты да назардан тыс қалдырмаса екен дейді.
«Үйімізге электор жарығын, газды өзіміз шамамыз келгенше кіргіздік. Қазір әлі бағдандық күйінде тұрмыз», - деді Алматы қаласының тұрғыны Сара БАТЫРБЕКОВА.
Бұқараның мәселесімен сала мамандары құлақдар болып шықты. Тек көше атауын өзгертуге 2015-2016 жылдары жарияланған мораторий қол байлап отыр дейді.
«Саяжайлар мәселіс бүгінде Медеу ауданында күн тәртібінде бар. Біріншіден барлық мәселені білеміз. Көше атауына келсек, қазір біріншіден мараторий біз өкілетті органдарға хат ретінде ақпарат бергенбіз. Қазір күн тәртібіне қойып күтіп отырмыз», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.
«2015-2016 жылдары көше атауына байланысты мораторий жарияланған. Сол себепті қазір мәселенің барлығы соған тіреліп тұр. Алдағы уақытта біз барлық шешімін таппай тұрған көше атауына ат беруге тырысамыз. Қазір тиісті құжаттардың барлығы дайын тұр», - деді Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген ҚАЛАБАЙ.
Күн тәртібінде тұрған мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп сендірді шенділер. Ал, беймәлім мекен-жайда тұратын тұрғындарға күту қажет.