20 миллионға жуық гектар жер елімізде тиісінше игерілмей келеді. Осыған орай, аталмыш аумақты мемлекетке қайтару көзделуде. Бұл туралы бүгін мәжіліс қабырғасында ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Халық қалаулылары алдында «жер қойнауы және жер қатынастарын реттеу мәселелері» бойынша заң жобасын таныстырған министр «бұл әзірге болжамды көрсеткіш қана», - дейді.
Мәжілісте таныстырылған жаңа заң жобасы біраз шендінің қызығушылығын тудырды. Себебі, жер мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Асқар Мырзахметовтың сөзіне сенсек, жеке және заңды тұлғалардың қолданысына берілген аймақтар күні бүгінге тиесілі игерілмей отыр. Бұл өз кезегінде қарапайым шаруалардың жайылым алаңдарын тарылтып келеді. Ауылшаруашылықты дамыту саласында туындаған түйіткілдерді шешу үшін болжам бойынша 20 миллионға жуық гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отыр.
«Міндетті түрде алғашқы бес жылда жыл сайын осы бақылау, қадағалау жұмыстары жүргізілетін болады. Одан кейін суармалы жерлерде әр үш жыл сайын, ал тәлім жерлерде бес жыл сайын. Соның қорытындысы бойынша не біржақты келісімшарттар бұзылады, не болмаса, сол алғашқы келесімшартқа сәйкес болатын болса, онда ол созылады. Осындай міне өзгерістер енгізіліп отыр», - деді ҚР ауылшаруашылығы министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ.
Отырыс барысында төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин жергілікті билік өкілдері де ел бойынша жайылымға қажетті жер көлемін анықтаулары қажет деген пікір білдірді. Себебі, бұл да өзекті мәселенің бірі. Әрі, ол үшін ауылшаруашылығында «жайылымға» қатысты заңнама да көрсетілген нормаларды қолданып, жер қатынастарын реттеу керектігін баса айтты.
«Оларға көмектесу қажет Асқар Исабекұлы. Оған бүгін қарастырып отырған заң жобасы ықпалдасады. Бюджетте қарастырылған қаржыны тиімді пайдалану арқылы жерлерді қайтару жобасын іске асыру міндет. Бұл елді-мекендердегі шаруаларға қажетті жайылымдарды беруге мүмкіндік береді», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы¤ Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Жаңа заң жобасында жер телімін шетелдіктерге бермеу тетіктері де қарастырылыпты. Бұл идеяны мәжіліс депутаты Азат Перуашевта қолдап отыр. Яғни, заңнамада шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жерлерді шетел азаматтарына беруге тыйым салынады. Нақтылай кететін болсақ, өзге ел азаматымен некеде тұрған, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстанның құрамында сырт елдің азаматы бар заңды тұлғаларға жер беру тоқтатылады.
«Біз өз жерімізден айырылмауымыз керек. Яғни, тағы да айтып отырмын, менің ойымша, Қазақстанменен тікелей шекарасы бар, шекаралас елдердің азаматтары болмаса, компанияларына біздің жерімізді алуға мүмкін. Біз бұған шектеу қоюымыз керек», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.
Заң қабылданатын болса жер телімін жалға беру жүйесі енді ашық өтпек. Арнайы комиссия құрамына 50 пайызға жуық қоғамдық кеңестер мен өзге де ұйымдарды қатыстыру көзделіп отыр. Конкурсқа өтінім беру туралы ақпарат БАҚ мен ауылшаруашылығының ресми сайтында, барлық аудан әкімдіктерінде, ақпарат тақтайшаларында көрсетілетін болады. Айта кетейік, жер 49 жылға жалға берілетін болады. Бірақ тек Қазақстан азаматтарына ғана.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, АТ Астана