Астанадағы дауыл: қираған ғимараттарды қалыпқа келтіру үшін 235 млн теңге қажет

24.05.2018 02:50

Елордадағы дүлей дауылдан қирап қалған ғимараттарды қалыпқа келтіру үшін 235 миллион теңге қажет. Ал қатты жел тұрғындарға 80 миллион теңге шығын келтірген. Олардың көпшілігінің көліктері жапырылып, баспаналары зақымданған. Соңғы санақ бойынша, бас қалада 24 үй бүлініпті. 7 мектеп пен аурухананың, одан бөлек балабақшалардың шатырлары ұшқан. Қазір қаладағы зақымданған ғимараттар қалыпқа келтіріліп жатыр. Дегенмен қауіп әлі де сейілген жоқ. Өйткені синоптиктер еліміздің 7 аймағында дауылды ескерту жариялады.

Күні кеше болған алапат дауыл астаналықтарды есеңгіретіп тастаған. Тұрғындар қазір бүлінген көліктері мен баспаналарының шығындарын өндірумен әлек. Десе де, қала әкімдігі ірі қираулар жоқ деп мәлімет таратты. Айтуларынша, 24 тұрғын үйдің қасбетіне зиян келген. 7 әлеуметтік нысанның шатыры жұлынған. Әсіресе, Бейбітшілік және келісім сарайы қатты бүлінген екен. Ал қисайып қалған қоршаулардың жалпы ұзындығы екі жарым шақырымға жетіпті. Қазір барлық коммуналдық қызметтер табиғи апат салдарын жойып жатыр. Бір анығы, дауылдан қираған ғимараттарды қалыпқа келтіру үшін 235 миллион теңге қажет.

Синоптиктер табиғат әлі де шәлкез мінез танытатынына болжам жасап отыр. Сондықтан бүгін еліміздің 7 аймағында дауылды ескерту жариялады. Қатарында Солтүстік Қазақстан облысы бар. Өңірде кешелі бері қатты дауыл тұрып, онда да құрылыс краны құлап қалған. Сондай-ақ нысандардың шатыры жұлынып, бірнеше автокөлік зақымданған. Төтенше жағдай алматылықтарды да әбігерге салды. Секундына 15 метр жылдамдықпен соққан қатты жел «Байкен» мешіті күмбезінің 10 шаршы метрлік сыртқы қаптамасына зақым келтірді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.

«Негізінде Қазақстанның көптеген жерлеріндегі ауа райына циклон және онымен байланысқан атмосфералық өзінің ықпалын тигізуде. Соған байланысты көп жерлерде жауын-шашын, найзағай және жел күшейді. Сондай ауа райы бізде алдағы түнде сақталады. Алматы қаласы бойынша ертең де түнде жаңбыр, найзағай екпінді жел 15 метр секундқа дейін соғуы байқалады»,-деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша жетекші инженер-синоптигі Айжан ЖАНДОСОВА.  

Бұған қоса метеорологтар апта соңында еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн суытатынын болжады. Ал Алматыда керісінше жауын-шашынсыз, құрғақ ауа райы күтілмек.


Айдана Мейрамбайқызы, Нұрбол Әбдікерімов, "Алматы" телеарнасы