Шымкентте тұғындардың жаппай улануына себепші болған балмұздақ сататын орынды тексеру жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сала мамандарының сөзінше, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарынан арнайы бригада құрылған. Олар «Южное» деп аталатын сауда нүктесін тексеріп жатыр.
«Бізде зертхана бар, сол жерге балмұздақ сатқан орыннан арнайы сынамалар алынды. Ол жердегі қызметкерлерден де анамнез алдық. Одан кейін бір бригадамыз ауруханада әр науқаспен сөйлесіп, жеке-жеке анамнез алып жатыр. Барлығы тексерілуде. Нәтижелері болжам бойынша үш күннен кейін дайын болады»,-дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы балмұздақтан уланғандардың алғашқы легі Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 29 - 30 наурызы күндері түскенін айтады.
«Науқастар бірнеше рет тоқтамай құсу мен іштің жүруіне шағымданған. Бүгінгі уақытта олардың қатары 39-ға жетті. Түскендердің 21-і ересек адам, 14 жасқа дейінгі 11 бала және 7 жасөспірім бар. Жас ерекшеліктері 15 жастан 18 жасқа дейін. Көрсетілген науқастар арасында 3-уі аурухананың жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Оның 1-уі ересек адам, біреуі жүкті әйел, 2 жасөспірім бала. Бүгінгі күнге барлық науқастардың жағдайы тұрақты, оларға тиісті ем - дом көрсетілуде. Ауруханада төсек орындары жеткілікті»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Жақыпқызы.
Еске салайық, кешеден бері Шымкентте тұрғындар балмұздақ жеп, жаппай уланып қалған болатын. Барлығы да балмұздақты бір жерден сатып алғанын жеткізген.