Алматылықтардың тарифтерге артық төлеген 4 млрд теңге ақшасы қайтарылады

Алматылықтардың тарифтерге артық төлеген 4 млрд теңге ақшасы қайтарылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтардың тарифтерге артық төлеген 4 миллиард теңгеден астам ақшасы қайтарылуы қажет. Монополистердің бұған дейін тұрғындардан жинап алған қаражатының өтелуі қадағаланбақ. Оны «Нұр Отан» партиясының өкілдері жіті бақылайтын болады.

Осы ретте айта кетерлігі, жылу, электр қуаты, су және кәріз жүйесінің тарифтері жылдың соңына дейін бұрынғы деңгейінде қала бермек.

   Қалалықтарды көп толғантатын тақырыптардың бірі – коммуналдық қызметтердің тарифтік ақысы. Қала әкімі Бауыржан Байбек бұл мәселенің қатаң бақылауында екенін тілге тиек етті. Жергілікті билік тарапынан қажетті қолдау да көрсетілуде. Мәселен, бүгінде 1 жарым миллионға жуық алматылық коммуналдық қызметтерді қала қазынасының есебінен шектелген баға бойынша алуда. Мұндай көмек – жанұя табысының шығыны он пайызынан асқан жағдайда жасалады.   

«Мемлекет басшысы тарифті негізсіз жоғарылатуға жол бермеуге нұсқау берді. Ол адамдардың өмір сүру деңгейіне, кәсіпкерлерге, бағаларға, бәріне тікелей әсер етеді. Осы мақсатта қалалық прокуратура мен монополистер арасында ауқымды, жан-жақты тексеру жүргізілді. Негізсіз бағаларды көтеру фактілері анықталды. Қабылданған шаралар арқасында, 1,5 миллионға жуық азаматтардың құқықтары қорғалды. 4,7 миллиард теңгеге жуық өтемақылық тарифтер енгізілді. Коммуналдық қызмет құнын арттыру үшін ешқандай да негіз жоқ. Алматылықтар артық төлем жасамауы үшін кез-келген негізсіз әрекеттер тоқтатылады. Президенттің тапсырмасы бар және ол орындалады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматы қаласы прокуратурасы бірқатар коммуналдық қызмет мекемелеріне тексеру жүргізді. Тексеру барысында, басты қадағалаушы орган шығындардың негізсіз өсуі, тіпті жасанды көтерілгенін және инвестициялық бағдарламардың орындалмауын анықтады деп атап өтті қала прокуроры Берік Жүйріктаев.

«Біз «Алматыэнергосбыт» компаниясында электр қуатын реттеу қызметіне тарифтік сметада жарияланған соманың 70 пайызы, ал амортизациялық аударымдар бойынша 30 пайызы ғана жұмсалғанын дәлелдедік. Яғни, жоспарланған 500 миллион теңгенің орнына 150 миллион теңге ғана жұмсалған. Нәтижесінде, үш жыл ішінде тарифтерге 1 миллиард 370 миллион теңге негізсіз бөлінгені анықталды. Бұл сома 2018 жылға арналған тарифті келісу кезінде шегерілген. «Энергосбыт» өз кінәсін мойындап, жауапкершілікке тартылды», – деді Алматы қаласының прокуроры Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.

Қала прокуратурасы «ҚазТрансГазАймақ» компаниясын да тексерген. Мұнда инвестициялық бағдарламаның белгілі бір шаралары орындалмағанын анықтаған. Басты қадағалаушы орган атқарған шаралардың арқасында 425 миллион өтемақылық тариф енгізілді. Жалпы, кәсіпорынға 50 миллион теңге айыппұл салынды. Ал «Алматы Су» жыл сайын өздерінің жасанды қаржылық есебінде техникалық шығындардың екі есе артуын көрсеткен. Яғни, бекітілген 17,8 пайыз орнына 35 пайыз деп көрестіліп келген. Одан бөлек, «Алматы электр станциялары» компаниясы бойынша тарифтік сметада отын шығындарына 11 миллиард 3 миллион теңге белгіленген. Іс жүзінде, небәрі 10 миллиард 2 миллион теңге ғана жұмсалыпты. Прокуратура 110 млн теңгеге өтемақы тарифін енгізген.

«Өз кезегінде, «Алатау Жарық Компаниясы» төтенше реттеу шараларын енгізу есебінен электр қуатын беру тарифін көтерген. Кейінірек анықталғандай, олар бұл шараны төтенше жағдай санатына жатпайтын кішігірім авариялар мен ағымдағы қажетті жөндеулермен негіздеген. Біздің талаптарға сәйкес, уәкілетті орган өз шешімінің күшін жойды. Қабылданған шаралар бойынша шығындарды өтеу үшін 2,17 млрд теңге өтемдік тарифтері енгізілді. 2,83 млрд теңгелік болашақ шығындардың алды алынды. Ағымдағы тариф 5,6 пайызға төмендеді», – деді Алматы қаласының прокуроры Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.

Қала тұрғындары үшін биыл орташа есеппен, бір жылда бір бөлмелі пәтер үшін 4 мың 200 теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 6 мың 600 теңге, үш бөлмелі пәтер үшін 9 мың 600 теңге үнемделеді. Оны Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті есептеп шығарған. Өткен жылы Алматыда 800 шақырымдық инженерлік комуникациялар салынып, кайта құрылған. Тамыз айының соңына қарай 12 шақырымдық жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ қолданыстағы газ құбырларын кеңейту және 120 мыңнан астам тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін жаңа су желілерін салу жұмыстары тәмамдалмақ.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров