Қала шетінде орналасқан саяжайларды тұрақты мекен-жайға айналдырған тұрғындар, жол, ауыз су, көшені жарықтандыру мәселесін айтып арнамыздан жиі көмек сұрайды. Кезекті рет өз бұйымтайларын Талғар ауданына қарасты бау-бақша серіктестігінің тұрғындары жеткізді. Бірқатар мәселені қалай және кім шешуі тиіс? Бұл сурақтың жауабын әріптесім Нұрсұлтан Біләл іздеп көрді.
Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Самал» саяжайында мыңға тарта үй бар. Тұрғындар саны 3 мыңға жуық. Міне, бүгін де белсенділер жиналып, бұрыннан шешімін таппай келе жатқан мәселелерді талқылауда. Күн тәртібінде бірқатар проблемалар бар. Нақтырақ айтсақ, жолдың және көшедегі жарықтың жоқтығы. Одан қалды ауыз су мәселесі. Ойық-ойық жолдың кесірі қалыпты тіршілікке кері әсер етуде. Оқушы сабақтан, ересектер жұмыстан қалады. «Қалаға уақытылы жету үшін күн шықпай қамдану керек» - дейді тұрғындар.
«Осы жолға қиналамыз көбіне көп. Автобустар міне жолдың бойынша шыққаннан кейін трассаға шыққаннан кейін такси де тұрады. Балалар да сабақтан қалады, детсадтан қалады. Осыдан қиналамыз. Осыған бір көмек берсеңіздер дейміз»,- деді Облыс тұрғыны, Гүлнәр ТҰҢҒАТАРОВА.
Көмек сұрап арнамызға хабарласқан тұрғындар көше бойында атам заманнан жарық жоқ деп наздарын айтты. Электр бағаналарына шам орнатылмаған. Тас қараңғыда кешкісін үйге жету қиынға соғады. Шұрық тесік жолмен сәт сайын доңғалақты дүрсілдетіп соғатын көлік жүргізушілерінің бұл мәселе қалтасына да ауыр тиюде. Тозығы жеткен жолдан бөлек, қараңғыда темірді тізгіндеу де қауіпті. Дегенмен, көше түгіл үйге берілетін электр қуаты да ойдағыдай емес екен.
«Светіміз міне, кішкентай жел соғып, кішкентай жаңбыр жауса свет өшеді. Ең әуелден 2 күн 3 күн де өшетін кездер болады»,- деді Облыс тұрғыны, Гүлнәр ТҰҢҒАТАРОВА.
«Содан кейін, ауыз су жоқ. Ауыз суды құдықтан алып отырмыз. Мына туыра біз тұрған жерімізден анау жерінің астынан құдықтан насоспен сорып, соны ішіп отырған суды біз тексерткен кезде оны мүлдем ішуге болмайды екен»,- деді Облыс тұрғыны, Мұрат ТӘБЕТОВ.
Талғар ауданы Бесағаш ауылына қарасты саяжайда атқарылар шаруа шаш етектен. Оны шешудің жолдары қайсы? Бұл сұраққа саяжай төрағасы жауап беруі тиіс. Бірақ өкінішке орай жауапты адам денсаулығына байланысты бізбен тілдесе алмады. Ал ауыл әкімдігіндегілер саяжайға тұрғындардың өздері жауапты дейді.
«Бау-бақша серіктестігінің әркімнің өзінің тұрақты төрағалары бар. Сол кісілердің қарамағында жанағы тұрғындар. Ол кісілер ай сайын жинаққа ақша жиналады. Сол жиналған ақшаға ол кісілердің жолға асфальт төселуіне, су тартуына соған жету керек. Қазіргі таңда оған біздің қорымызда ақша қарастырылмаған. Саябақтардың жолдарын жөндеуге, жарықтандыруға, суын тартуға»,- деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары, Мирас БАЙМОЛДАНОВ.
Шын мәнінде, саябақ тұрғындары айтылған проблемаларды ел болып өздері шешулері тиіс. Заң осылай деді. Өйткені, саяжайларды абаттандыруға, су, жол мәселесін шешуге бюджеттен қаржы бөлінбейді дейді шенділер. Дегенмен, аталған саяжайды Бесағаш ауылдық округіне қосу жайлы бастама осыдан екі жыл бұрын көтерілген екен. Егер саяжай мәртебесі өзгеретін болса түйінді түйіткілдер шешімін табады.
Нұрсұлтан Біләл, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы