8 млрд доллардан астам қаржы заңсыз шекара асқан

11.12.2017 21:50

 8 миллиард доллардан астам қаржы заңсыз шекара асқан. Жемқорлар қатарына еліміздің түрлі деңгейдегі шенділері,  яғни, экс әкімдер, банк қызметкерлері мен министрлер кіріп отыр. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықпен күрес конференциясында Қайрат Қожамжаров мәлімдеді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы бой тасалап жүрген барлық жемқорлар жауапқа тартылады, деді.

Индустриаландыру күнініне орай өткізілген телекөпірде Елбасы шетел шоттарында жүрген қыруар қаржыға тоқталып, оның елге қайтуын талап еткен болатын. Президент қаттырақ айтып еді, биліктегілер бірден іске кіріскендей. Ресми мәлімет бойынша, шекара асқан сома көлемі 8 млрд доллардан асады. 205-ке елден кеткен жемқордың 152- сі қайтарылыпты. Бұл соңғы 10 жылдың көрсеткіші. Дегенмен, қыруар қаржыны қалтасына басып, шетелде бой тасалаған бұрынғы министрлер мен әкімдер саны әлі де көп. Алдыңғы шепті сыбайлас жемқорлықпен айналысқан топ басшылары Әблязов пен Храпунов бастап отыр.

«Саяси статусына қарамастан олар жауапкершілікке тартылады деген сенімдеміз. Шетелдік әріптестермен бірге тығыз жұмыс істеп отырмыз. Олардың әрбірі сот тағайындаған жазаны алады. Мемлекет барлық күшін жинап, қылмыскерлерді елге қайтару кезінде кездесетін қос стандарттарды алып тастауға ұмтылулары қажет», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Ведомство басшысы конференция кезінде капиталдың сыртқа шығуына тосқауыл қою қажеттігін айтып өтті. Ол үшін мемлекеттік қаржыны жымқырып отырған азаматтардың әрекетін ерте анықтауға қол жеткізу керек, дейді. Сонымен қатар, Қазақстанның заңсыз сыртқа кеткен активтерін қайтару үшін 40 -тан астам мемлекетпен келісім-шарт жасалған.

«Қашқындар мен сыртқа кеткен қаржыны қайтару кез келген елге қатысы бар маңызды мәселелердің бірі. Барлық әлемдік қауымдастық біріге офшормен  күресу, шетелдік банкте шоттары бар адамдар жайлы ақпаратты жинау әрекеттерін мықтап қолға алып отыр. Қазақстан өз тарапынан бұл қадамдарға толықтай қосылып,осы бағытта біріге жұмыс істеуге дайын», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Сонымен қатар, «Астана Экспо» жобасынан жымқырылған қаржы жайы сөз болды. Яғни, Ермегияевтың ісіне қатысы бар фигуранттардың  шетелге аударған ақшасы ұмыт қалмады. Атап айтқанда, Талғат Ермегияевпен біріге жұмыс атқарған  ұлттық компанияның өзге қызметкерлері  шетелдік мекемеге 13 миллиард доллар аударған. Ұлттық бюро басшысы Талғат Татубаев өз кезегінде Серік Ахметовтың ісін есін еске түсірді.

«Экс-министрдің жағдайына тоқталар болсақ, мемлекеттік бюджеттен ұрланған 360 миллион теңге  Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтілген. Аталмыш елдің құзырлы орындарымен байланыс ұстап, қолды болған қаржының ерікті түрде елге қайтарылуына қол жеткіздік», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат ТАТУБАЕВ.

 Қорыта келгенде, заңсыз қолды етілген қаржы қайтарылады. Ал жемқорлар міндетті түрде жауапқа тартылады.

Назым Мәлікқызы, Олжас Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан