Алматылықтар жексенбі күні тоғыз тонна қарбыз бен қауынды жеп тастады. Мерекелік жәрмеңкеге келушілер түрлі сорттағы бақша өнімдерінің дәмін тегін татып, ұнағандарын сатып алды.
Бақша өнімдерін халыққа Алматы және Түркістан облысының шаруа қожалықтары әкелген. Ал қарбыз құрамындағы нитрат көрсеткішін зертханада тексертіп алуға мүмкіндік болды. Сондай-ақ, шаруалардың жемісі нарықтағы құннан 30 пайызға арзан сатылды.
«Алматы қаласында қарбыздың орташа бағасы 80-90 теңгеден болса, фестивальде шаруа қожалықтары жемістің келісін 60 теңгеден сатып жатыр. Шараға жиналған халық үшін тиімді болғандықтан, тағы да өткізуді сұрайды. Сондықтан біз тамыз айында «Arbuz Fest 2» фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан АБЫЗБАЕВ.
Айтпақшы, «Arbuz Fest 2» фестивалі екі аптадан соң Атакент алдындағы алаңда өтеді.