Санавиация саласында жұмыс істейтін тікұшақтардың көбі талапқа сай емес. Дәрігерлер тек 145-еурокоптер маркалы әуе көлігі ғана науқасты алып жүруге толыққанды сай келеді дейді. Соған қарамастан биылғы жылдың бес айында Алматыға санавиация арқылы жүзге жуық жүкті әйел шұғыл түрде ұшып келген. Жыл басынан ел көлемінде Республикалық сантитариялық авиация орталығына бір мыңнан астам қоңырау түскен.
Санавиация қызметін жекелеген адамдардың өздері шақыра алады. Бірақ оның құны өте жоғары болмақ. Ал әуе қызметіне негізінен ауруханалар, яғни ол жердегі дәрігерлер ғана ақылдаса келе тапсырыс беріп келеді. Жалпы алғанда күн өткен сайын әуе медициналық қызметінің көмегіне жүгінетін жұрттың саны арта түскен. Мәселен санавиация алғаш рет 2011 жылы елімізде жұмыс істей бастағанда 300-ден аса ұшырылым жасаған екен. Арада бес жыл өткенде тасымал саны 20 есеге дейін артқан. Биылғы жылдың бес айында міне мыңнан астам өтініш түскен.
Ұшақ әрине жедел жәрдем көлігі емес қой, отыра салып зырғи жөнелетін. Өте шұғыл жағдайда әуе медициналық көлігі ең жылдам дегенде бір сағаттан соң жолға шығады. Ұшқыштар қажетті медициналық апараттарды дайындау, жеткізу, одан бөлек құжаттық хаттамаларда біршама уақыт алады. Дәрігерлер соңғы рет Алматы облысының Жаркент қаласындағы науқасты Алматыға жеткізуге 4 сағат кетті дейді. Санавиация саласындағы дәрігерлердің жұмысы мен өзгеде ақпаратарды сюжеттен көрсек.
Алматыдағы санавиация орталығына күніне екі-үш қоңырау түседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармалары Республикалық санитариялық орталықпен келісім шартқа отырса болды. Науқастарды шалғайдан шаршатпай жеткізуді осындағы мамандар шешеді. Қазірде міне Шымкенттің шеткі ауылынан аяғы ауыр әйелді шұғыл жеткізу керек деген шақыру түсті. Медициналық құрылғыларын құшақтаған фельдшер мен дәрігер Боралдай аэродромынан ұшуға аттанды.
«Мамандардың басқа жақта жетіспеушілінінен осы Алматыға тасымалданады. Алматыда біздің мамандардың дәрежелері өте жоғары. Республикалық ауруханалар бар. Сол себепті тасымалданады», - деді «РСА» орталығының фельдшері Айбек ЖҰМАҒҰЛОВ.
Елімізде санитариялық авиация қызметі 2011 жылы шілдеде құрылған. Сол уақыттан бері санитариялық авиация мамандарымен барлығы 11 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетіліпті. Тіптен ұшақпен барып ота жасау оқиғасының өзі жеті жүзге жуықтаған. Негізінен санитарлық авиация шақыртуларының ішінде бірінші орынды балалар жасындағы патология алады. Екінші орында - жарақаттану мен уланулар 21 пайызды құрап отыр. Одан бөлек акушерлік көмек, жаңа туған нәрестелердің патологиясы, қан айналымы жүйесі, неврологиялық, хирургиялық ауруларға да жедел ұшып, көмек көрсетіп келеді.
«Арнайы жоғары медициналық қызметін көрсету болғандықтан аурулардың ең ауыр дәрежесінде науқастарды қабылдаймыз. Соның ішінде жүрек аурулары, ми асқыну аурулары, өкпе аурулары бар», - деді Қазақстан Республикалық Денсаулық сақтау министрлігі акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүльфайруз БИСАЛИЕВА.
Ел мүддесіне бүгінде 21 ұшақ және 14 тікұшақ қолданылады екен. Тек Алматыда санитариялық авиация қызметінің екі бригадасы орналасқан. Дәрігерлердің айтуынша, бұл саладағы барлық әуе көліктері талапқа сай емес. Ан-2, Ан-28 сынды ұшақтар мен Ми-8 тікұшақтармен науқасты алып жүру ыңғайсыз.
«ЯК-40 ұшағы жартылай жарамды. Өйткені ұшақта азда болса герметикалық салон орнатылған. Әуеде науқас үшін қысымда маңызды рөл атқарады. Біздің өзімізде авиапарк жоқ. Жалға аламыз. Мәселен Ан-2 бір маторлы ұшағы. Өзгеде ұшақтар жағдайы онсызда нашар науқасты тасымалдау кезінде қолайсыздық тудырады», - деді «РСА» мобильді бригадасының дәрігері Елена РЯБИНИКА.
Батыс Қазақстаннан бастап Алматы облысына дейінгі аралықтағы елді мекендердің науқастары осы Алматыға жеткізіледі. Медициналық әуе көлігін бір сағатқа жалдағанның өзі жарты миллион теңгеден басталады. Ал ЯК-40 ұшағын бір сағатқа пайдалану бір миллион теңгеден асып кетеді. Бірақ бұл қаржының барлығын науқас емес, мемлекет төлеп отыр. Тіптен шетелде ауыр жағдайға душар болған ел азаматарына да көлік жіберу жиі болмасада тіркеліп тұрады екен.
Науқастарды ауыл, аймақ, облыстардан тасуда ең тиімді әуе көлігінің бірі Еурокоптер-145 тікұшағы. Дәрігерлердің айтуынша, тікұшақ жылдам ұшады және науқасқа қатысты ауа қысымын қалыпты деңгейде бақылап тұруға мүмкіндік бар. Одан бөлек төсек пен медициналық апараттарды тоққа қосуға арналған орын бар. Тасымалдаудың құны 1,5 - 2 миллион теңгеден жоғары тұратын қызметке жүгіну нені білдіреді? Бұл еліміздегі медициналық қызметтің дамып келе жатқандығын және ең бастысы әрбір азаматтың ел үшін қымбат, маңызды екендігін білдірсе керек.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы