Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құзырлы органдарға шағымданбақ. Белгілі болғандай, бәз біреулер ведомтво атынан инстаграмм әлеуметтік желісінде парақша ашып, елімізде тіркелмеген дәрілік затты жарнамалап сатуға шығарған. Бұл туралы біздің арнаға денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Белгісіздер инстаграм әлеуметтік желісінде ашылған minzdrav.rk парақшасының денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне тиесілі ресми парақша екенін алға тартқан. Сондай-ақ бұрынғы денсаулық сақтау министрі марқұм Салидат Қайырбекованың жұмыс сапары барысындағы суреттерін салып, қазіргі ведомство басшысы ретінде көрсеткен. Ең сорақысы министрліктің атын жамылып, Қазақстанда тіркелмеген дәрілік затты ашық саудаға салған. «Intoxic» атты препаратты ағзадағы паразиттерді тазартатын таптырмас құрал ретінде ұсынған. Ал, өздерінің тауарларын жарнамалау үшін тіпті танымал дәрігерлердің де жалған ұсыныс-сұхбатын жариялаған. Сондықтан ведомсто өкілдері азаматтарға мұқият болуды және алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды. Жалған парақша ашып, белгісіз дәрі сатқандарды әшкере ету үшін алдағы уақытта Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құзырлы орындарға шағымдануға бекініп отыр.
«Бұрында ғаламторда бірнеше рет Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары «Intoxic» атты препаратты қолдануды ұсынады деген ақпарат шыққан болатын. Бұл жалған ақпарат және біздің мамандар ол дәріні ұсыну үшін ешқандай сұхбат берген емес. Инстаграм парақшада жарналанған препарат Қазақстанда тіркелмеген, әрі дәрілік тиімділігі дәлелденбеген. Сондықтан біздің тараптан ол дәріні қолдану туралы ұсыныс білдірілген жоқ», - деді ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметінің қызметкері Темірлан ДЖАБАЕВ.
Баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі кезде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми парақшалары фейсбук, твиттер, ел кз, ювижон және вконтакте әлеуметтік желілерінде ғана тіркелген. Сондай-ақ шынайы ақпараттар министрліктің ресми веб сайтында көрсетілген. Ал, инстаграм желісіндегі minzdrav.rk парақшасы жалған.