Астанада 70 жастағы мүгедек жан «Қарттар үйін» паналауды армандайды. Аққұбай Байғазиев қала шетіндегі қаңырап қалған үйде жападан-жалғыз қалған.
Осыдан екі жыл бұрын оң аяғынан айырылған қарт қазір жүре алмайды. Шұғыл емделмесе, екінші аяғын да кестіруіне тура келеді. Туыстары бас тартқан қарияға тек көршісі ғана қол ұшын беруде.
Қабырғасы қақырап қалған мына үйден Аққұбай Байғазиев соңғы екі жыл бойы мүлдем шықпаған. Мамандар оң аяғын дендеген ісіктен құтқару үшін кескен. Енді кеселі екінші аяғына ауған. Оған қоса, 25 жыл дәнекерлеуші болып жұмыс істеген қария қазір толықтай көз жанарынан да айырылған. Өз бетінше жүріп-тұра алмайтын Аққұбай ата қараша халықтан көмек сұрайды.
«Қарттар үйіне» алса екен. Туыстарым менен безген. Ешкімге керек емеспін. Достарымның қатары азайып, көзі тірілері мен сияқты дертке шалдыққан. Жата-жата жүрегім сыр бере бастады. Дұрыс тамақтана да ала алмаймын», – деп күйзеледі Аққұбай БАЙҒАЗИЕВ.
Қарттың қос перзентінен күдерін үзгелі қашан. Әкесінің халін сұрап келуге жарамаған ұлы мен қызына қария кір жуытпайды. Жұмыр басты пенденің өз тіршілігі бар деп ақтап алғысы келеді. Қыстыгүні үйінің кіреберісінен азынаған аяздан аман қалып жүрген қарттың төзіміне көрші-қолаң да аң-таң.
Олардың айтуынша, жағдайы жақсармаса, алдағы қаһарлы қыстан қарияның аман қалуы екі талай.
«Бұл кісіні қолымнан келгенше жуындырып, тамақтандырамын. Үйдің жағдайы нашар. Бүгін-ертең құлауы мүмкін. Келген сайын үйді жинастырып кетемін. Көзі көрмегесін, қолы жетсін деп, тамақты жақын қойып кетем. Тышқандар мен егеуқұйрықтар көбейген. Сол аяғы да мүшкіл күйде», – дейді көршісі Қалима ЖАЛДЫБАЕВА.
Қалима Жалдыбаева тағдыры ауыр азаматқа мекен-жайына қарасты емхана мамандарының да келмей кеткенін айтады. Бір-екі айқай-шудан кейін қаморлық көрсеткен ақ халаттыларға хабарласқанда, тұтқаны ешкім көтермеген. Ал қалалық Әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары тиісті көмекті еңбек демалысына кеткен басшылықтың келісімінсіз көрсете алмаймыз деп құтылуды құп көрді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана