БРТ желісі: Алматыда автобус жолағымен жүрген көлік иелері қатаң жазаланады

22.08.2018 23:11

Келесі аптадан бастап Тимирязев көшесінде БРТ желісінің алғашқы бөлігі іске қосылады. Қазір Байтұрсынов пен Байзақов көшелерінің аралығында жол белгілері орнатылып жатыр.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерге бейнебақылау қондырғысы да орнатылмақ екен. Ол автобус жолағына шыққан көліктердің видеосын бірден әкімшілік полицияға жіберіп отырады. Ал жақында ғана жаңаланған жерасты өткелдерінің кейпін бұзатын бұзақылар да пайда болыпты.

Тимирязев көшесінде БРТ желісі іске қосылғаннан бастап солға қарай бұрылуға рұқсат етілмейді. Қоғамдық көліктер жолдың ортасымен, ал жеке машиналар көшенің қапталымен жүретін болады. Қазір БРТ желісінің бірінші бөлігі аяқталып келеді. Осы аптаның соңына дейін жол белгілерін де орнатып бітеміз дейді әкімшілік полиция басқармасының басшысы.      

«Ең бірінші енгізетін учаскесін алатын болсақ, Тимирязев көшесі бойымен Байтұрсынов көшесі мен Байзақов көшесінің аралығындағы бойында жүреді. Осы аптаның аяғына дейін алғашқы бөлігін аяқтап, іске қосамыз. Ал қалған учаскелерді келесі аптадан бастап осылай жалғастырамыз», – деді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Сонымен қатар құзырлылар автобус жолағымен жүрген көліктердің қатаң жазаланатынын тағы да айтты. Ол үшін автобустардың алды-артына бейнебақылау камералары орнатылмақ. Ол арнайы жолақпен жүрген немесе қоғамдық көліктің жүрісіне кедергі келтірген көліктің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде түсіріп отырады. Айыппұл тұрғылықты жеріңізге пошта арқылы жіберіледі екен. «Жолақ» деген жүйе осы жылдың соңына дейін 50 автобусқа орнатылады.

«Жолақ» жүйесі бойынша қоғамдық көліктердің бәріне камералар орнатылады. Біз әкімшілік полиция комитетімен келісіп қойдық. Камераларды орнататын компания бар. Енді сол жүйені енгізу қалды. Ол осы жылдың аяғына дейін енгізіледі», – деді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Әкімшілік полиция басшылығы тас жолда қаза болғандар саны азаймай тұрғанын айтты. Биыл жыл басынан бері 73 адам көз жұмған. Ал былтыр жеті айда 56 адам жол апатынан қайтыс болған екен. Осы жылы 534 мың 586 адам жол ережесін бұзып, әкімішілік жауапкершілікке тартылса, соның 287 мыңнан астам дерегі бейнебақылау камераларына түскен. Өткен демалыста әл-Фараби даңғылының бойында жол ережесін бұзған 9 темір тұлпардың иелері анықталып, көліктері айып тұрағына қойылды. Олар өз кінәларын мойындап, салынған айыппұлмен келісетіндерін жеткізді.      

Жақында ғана жаңаланған жерасты өткелдерінің кейпін құртқан адам іздестіріліп жатыр. Әлдебір ер адамның 18-ші тамыз күні таңғы сағат 4.00 шамасында Райымбек даңғылы мен Байкен Әшімов көшесінің қиылысындағы өткелде қабырғаны қара бояумен бояғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.  

«Жол асты жүргіншілер жолында бұзақылық әрекет жасаған ер адам здестірілуде. Қазіргі таңда оның іс әрекеті Әкімшілік кодекстің 440-бабының ұсақ бұзақылық дерегі бойынша тіркеліп, саралануда», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.  

Күдікті ұсталған жағдайда, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Еске салайық, Алматыда 105 көшенің қиылысында жол ережесін бақылап тұратын бейнебақылау камералары орнатылған. Бақылау камералары 2020-шы жылға дейін тағы 150 көшенің қиылыстарына қойылады.


Өмір Әнуарбек, Алтыншаш Смағұлова, «Алматы» телеарнасы