Ерекше тас, жайлы орындық, әсем шамдар: Назарбаев даңғылының қос қапталы толық жаңарады

Ерекше тас, жайлы орындық, әсем шамдар: Назарбаев даңғылының қос қапталы толық жаңарады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қыркүйекке дейін Алматыдағы Назарбаев даңғылы кілтипансыз кейіпке енеді. Ұзындығы үш жарым шақырымды алып жатқан даңғылдың қос беті де толықтай жөндеуден өтпек. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.  

Биыл Назарбаев даңғылы толықтай жаңармақ. Бас-аяғы жеті шақырым аумақты қамтитын даңғылдың қос бетінде жұмыс қыза түскен. Онда жаяу жүргіншілер жолына толықтай кеспе-тастар төселеді. 80 мың шаршы метрді қамтитын аумақтың 20 мыңы көгалдандырылмақ. Сондай-ақ, даңғыл бойында орналасқан барлық шамдар соңғы үлгідегі әсем түрлеріне ауыстырылады.

«Назарбаев даңғылын үшке бөлдік. Бір жартысын Қостанайдан әкелінген қиық таспен, екінші жартысын гранитпен, үшінші жартысын Алматыдан шығарылатын қиық таспен көмкеріледі. Жаяу жүретін адамға өте әдемі. Ең басынан соңына дейін көгал себіледі. Кішкентай ағаштар, гүлдер отырғызылады. Бұрындары қарапайым көрінетін. Енді бәрі әсем болады. Сондай-ақ, автоматты түрде суару жүйесін жасадық», – деді құрылысшылар тобының жетекшісі Әділхан ӘБДІҒАПАРОВ.

Жерге төселетін түрлі тастардың басым бөлігі – отандық өнімдер. Мәселен, 12 жылдан бері тас төсеуіштер шығарып келе жатқан мына зауыттың тауары биыл дәл осы Назарбаев даңғылына төселмек. Сапасы жоғары, бағасы ақылға қонымды екенін алға тартады цех басшылығы.

«Дәл қазіргі таңда Назарбаев даңғылына төселіп жатқан кеспе тастарды дайындап шығарып жатырмыз. Қала бойынша, көптеген аумақтарға төселуде. Әсіресе, мектеп пен аулаларға сұраныс бар. Тауар өте сапалы, шамамен, 5 жылға дейін шыдас береді», – деді зауыт директоры Виктория ПАЗНЯК.

Назарбаев даңғылында кеспе тастарды төсеу жұмыстары 5 күннен кейін бітеді. Содан кейін жүргіншілер жолының бойына 200 орындық орнатылып, әр қайсысының жанына қоқыс жәшігі қойылмақ. Сондай-ақ, 3 субұрқақ жасалады. Осылайша, қыркүйектің алғашқы күні бұл даңғыл толықтай жаңарып бітпек.


Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров