Б.Сағынтаев қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселеге қатысты пікір білдірді

06.11.2017 21:21

Бақытжан Сағынтаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға қатысты Қазақстан ұстанымын тағы да ашық түсіндіруге мәжбүр болды. Ташкентте өтіп жатқан ТМД-ның Үкімет басшылары кеңесінің отырысында сөз алған Қырғыз премьері күн тәртібінен тыс мәлімдеме жасады. Ол «Қазақстан тарапы қазақ-қырғыз шекарасында кедергілерді қолдан жасап жатыр» деп айып тақты. Алайда, Сағынтаев айыр қалпақты әріптесінің бұл сөзін жоққа шығарып, Қазақстан Үкіметінің позициясын былай түсіндірді.

«Қазақстан Үкіметі қырғызстандық тараптың айтқанын дұрыс деп есептемейді. Бұл мәселеге қатысты біздің еліміздің ұстанымы белгілі. Ол толығымен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің экономикалық кеңістігінде жалпы идеологияның қалыптасуына сәйкес келеді және экономикалық тәуекелдерді азайтуды, Одаққа қатысушы елдердің экономикалық шығынын азайтуды көздейді. Біз Қырғызстан Үкіметін өз міндеттемелерін растауға, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы да өз міндеттемелерін орындауға және қолдануға шақырамыз. Бұл туралы ашық айтамыз және қырғызстандық әріптестеріміздің естігенін қалаймыз», - деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының ұстанымын бес бағыт бойынша есепке алатынын жеткізді. Біріншіден, салық бойынша қырғыздың ұлттық заңнама нормаларын Еуразиялық экономикалық одақ құқығымен сәйкестендіруі, екіншіден, заңсыз экспорт. Оның ішінде контрафактілік өнімдердің экспортына қарсы әрекет ету. Үшіншіден, тауарларды тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау. Төртіншіден, қырғыз елі  Экономикалық одаққа мүше елдердің көліктік заңнамасын бұзудың алдын алу және ескерту бойынша шара қабылдауы тиіс. Ал, бесіншіден, контрабанда мен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы есірткі заттарын, қару-жарақ, оқ-дәрі және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдауға жол бермеу. Айта кетейік, Қазақстан 10 қазаннан бастап қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылауды күшейтті.