Тұралаған туризмді тұрғызуға 61 миллиард теңге жұмсалмақ. Ал, Бурабай жылдың төрт мезгілінде қызмет көрсететін демалыс орнына айналады. Астанада «Шортанды-Бурабай» курорттық аймақ әлеуетін «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясын дамыту туралы таныстырылымында осындай мәлімделер айтылды. Қаржыны жобаға қызыққан инвесторлар мен жеке компаниялар құймақ. Бурабайды әлем тану үшін жаһанға аты мәшқұр кинематография компанияларымен де келіссөздер жүргізілмек.
Қазақстан халықаралық курорттық аймақ құрып, жан-жақтан туристер тартуға қауқарлы. «Шортанды-Бурабай» аймағының әлеуетін дамыту турасында өткен жиында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай деді. Оның айтуынша, қазір тиісті жұмыстар да басталып кеткен. Мысалы, шетелдік инвесторды қызықтыру мақсатында«Парамаунт» және «Юниверсал» сынды кино алпауыттарымен келіссөздер өткен. Мүмкін болса, Көкшетау табиғатында әлемдік деңгейдегі фильмдер түсіріледі. Шипажайда енді баға жағдайы да назарға алынады. Тіпті, туристер таситын отандық әуежайларды халықаралық хабқа айналдыру бойынша біраз істер қолға алынған.
«Қазіргі кезде 61 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның жартысы жеке азаматтардың, жеке компаниялардың инвестициялары. Мемлекет тарабынан бөлінген ақшаның 95 пайызы ол - жолды жөндеуге, былайша айтқанда, коммуналдық-қызметтерге жаңартуға, Шортандының аймақтарындағы су арналарын тазартуға арналған қаражат»,-деді ҚР мәдениет және спорт министрі, Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
Қазақстан туризміне жаңа леп беретін бастамаға Ресей, Польша, Араб елдерінің қалталылары ерекше қызығушылық танытып отыр. Бірақ, біздегілер отандық инвесторларға да үлкен мүмкіндік беріп, шипажай әлеуетін дамыту жоспарына жақсы ұсыныс білдірсе, қолдауға дайын екендігін жасырмады.
«Шипажайда кез-келген адамның қалтасы көтере алатын азаматтарға заманауи жаңа қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары, хауыз және мұз айдыны, мейрамхана мен резиденциялар да салынатын болады. Биыл аймақта су құбыры, жолдар, тоқ көзі, кәріз желілерінің жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалған десек те болады»,-деді «KAZAKH TOURISM» ұлттық компаниясының басшысы, Рашид КҮЗЕМБАЕВ.
Туризм саласында біраз тәжірибесі бар испандық маман Кристоф Де Брюин Қазақстанда бой көтеретін нысандар аймақтың әлеуметтік- экономикалық жағдайына оң нәтиже береді деген ойда. Ол «Бурабай Конгресс орталығы» атты бастамаға бөлінген 233 гектар жер аумағы жергілікті туристерге қолжетімді болуын ерекше атады.
«Шипажайдағы демалыс қызметі халықаралық деңгеймен бірдей болады. Бұрында қазақстандықтар еңбек демалыстарында өзге елге аттанса, енді осы жерде де жақсы демалуға мүмкіндік бар. Бағасы да қолжетімді болмақ»,-деді Консалтинг компания басшысы (Испания), Кристоф Де Брюин.
Бурабайда xалықаралық шараларды да өткізу жоспарда бар. Алдағы уақытта еліміздің мәдениет саласына жауапты ведомство балалар фестивалін өткізбек. Министр мұны бір баламен бірге міндетті түрде бес-алты адам келетінін айтып, осылайша ішкі туризмді де дамытуға болатындығымен түсіндірді.