Алдағы аптада өтетін футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы командалары Алматыға келді. Дүбірлі дода ұйымдастырушылары Германия, Канада, Қытай спортшыларын әуежайдан күтіп алды.
Аталған жарыс ТМД елдер арасында алғаш рет өткелі отыр. Шетелден келген командалар додаға мықтап дайындалып келген екен.
«Бұл жарыста осал қарсылас жоқ. Жүлделі орындардан көрінеміз деген үміт бар. Чемпионат кезінде кез келген командадан күтпеген нәтиже көруге болады. Сондықтан барлық кездесуде жеңіске жетуіміз керек. Дегенмен, бәрін уақыт көрсетеді», – деді футзалдан Германия ұлттық құрамасының бапкері Вэнделин КЭМПБЕЛЛ.
Байрақты бәсекеге 17 мемлекеттен 25 команда қатысады. Жарыстың ашылу салтанаты 19-шы тамызға жоспарланған. Спортшылар «Алматы арена» мен «Халық арена» спорт кешендерінде сынға түсетін болады. Әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған аяқдопшылар Алматыда бір апта бойы кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайды.