|
14.08.2018 | 15:41
1905

Алматыдағы оқыс жағдай: лифтіні қалпына келтіруге 800 мың теңге қажет

Алматыдағы оқыс жағдай: лифтіні қалпына келтіруге 800 мың теңге қажет

Алматыда құзырлы органдар лифтідегі апаттық жағдайға жолаушылардың өздері кінәлі болғанын анықтады. Оқыс жағдай орын алған лифтіні жөндеуге 800 мың теңге қажет. Техника кімнің есебінен жөнделетіні әлі белгісіз, деп хабарлады ҚазАқпарат «Алматылифт» ЖШС директорының бірінші орынбасары Максим Телицкийдің сөзіне сілтеме жасап.


М. Телицкийдің сөзіне қарағанда, оқыс оқиғаның орын алғанына жолаушылардың өздері кінәлі.

«Лифт электр энергиясының ақауынан немесе аса ауыр салмақтан тоқтады. Бұл техника, механизм болған соң ондай болып тұрады. Ал жолаушылар лифтідегі апаттық қызметке қоңырау шалмаған, олар лифтіні қолдану ережесін өрескел бұзған. Лифтіге табыт алып кірген. Апаттық қоңырауға хабарласса, 5-10 минуттан соң оларды оп-оңай алып шығатын еді. Оның орнына олар кабина есігін, шахта есігін қиратқан. Бесінші қабаттың есігін бұзады, ашылмайды. Сосын 4-қабаттың есігін бұзып, 40 сантиметрлік саңылау арқылы табытты шығарған. Соңғы шыққан адам лифт шахтасына құлап кетті. Лифтіні пайдалану ережесі бұзылған соң, өздері де жапа шекті. Басқа тұрғындарға да қиын болды», – деді «Алматылифт» ЖШС бас директорының екінші орынбасары Максим Телицкий.

Маманның айтуынша, істен шыққан жеделсатыны қалпына келтіруге 800 мың теңгеге жуық қаражат керек. Бұл қаражатты компания өз қалтасынан төлей алмайды.

Себебі, мүлікті қиратқан жолаушылар.

Оқыс оқиғаның жай-жапсарын тексерген Алматы мемлекеттік Еңбек инспекциясы және көші-қон  басқармасы бұл оқиғада жолаушылар айыпты екенін анықтады. Сонымен қатар, «Алматы лифт» компаниясы зардап шеккен жігітке көрсетілген медициналық шығынның барлығын өз мойындарына алған.

«Бұл жағдай болған соң біздің директорымыз бірден аурухананың бас дәрігеріне хабарласып, емдеу шығындарын өз мойнымызға алатынымызды хабарлады. Шынтуайтына келгенде, олай істеуге міндетті емес едік. Бірақ адамгершілікке жат әрекет көрсетпейік деп шештік. Ал егер зардап шеккен жігіт бізді айыптайтын болса, онда біз де одан материалдық шығынды талап ете аламыз», – деді Максим Телицкий.

Маман мұндай оқыс оқиға Алматыда жиі болып тұратынын айтты. Жақында 50 жас шамасындағы ер адам да лифтіде қалып қойып, апаттық қызметті шақырмаған.

«Ол кісі де есікті бұзып шықты. Шыққан соң лифті компаниясын айыптады. Жолаушылар лифтіні пайдалану ережесін жиі бұзады. Соның кесірінен материалдық шығын келеді. Лифт 2-3 күн істемейді. Басқалар зардап шегеді», – деді ол.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 7-тамызда «Ақбұлақ» тұрғын үй кешенінде болған. 34 жастағы ер адам лифт шахтасына абайсызда құлап кетіп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, оның 7 қабырғасы, бел омыртқасы сынған, көкбауыры жыртылып кеткен. Олар лифтімен әкесінің мәйітін жерлеуге апара жатқан.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

лифт ЖК
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир