Алматыда білім алып жатқан үндістандық студенттер жаппай тексерілді

Алматыда білім алып жатқан үндістандық студенттер жаппай тексерілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үндістанға сапарлағанда сақ болыңыз! Алматыда жыл басынан бері бұл мемлекетке барып қайтқан 5 тұрғыннан тырысқақ дерті анықталған. Қоғамдық Денсаулық сақтау департаменті Алып шаһардағы халықаралық əуежайда сақтық шараларын күшейткен.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері ұшақ бортында мұндай тексеруді 9 мемлекеттің 24 қаласында жүргізеді. Ең алдымен борт командирі ұшақтағы жағдайды баяндайды. Əсіресе Үндістаннан ұшып келген əуе кемесі жіті тексерілуде. Себебі жыл басынан бері бұл мемлекетке сапарлаған 5 жолаушыда тырысқақ ауруы анықталған.

Ұшақ бортында қауіпті инфекцияны жұқтырды деген күдікке ілінген жолаушы болса, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері жолаушыны мынадай санитарлық-карантиндік оқшаулау пунктіне жеткізеді. Мұнда науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Кейіннен арнайы жедел жəрдем қызметі оны жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетеді.

Бүгінгі таңда холера ауруын жұқтырғандардың төртеуі ем-дом қабылдап, үйіне жіберілген. Қазір инфекциялық ауруханада олардың біреуі емделіп жатыр. Атап өтерлігі, бұл дерт өткен жылы 5 азаматта анықталған. Осыған байланысты дəрігерлер күресті мықтап қолға алған.

«Қауіпті инфекцияны жұқтырғандардың 8-і отандасымыз, қалған екеуі Үндістан елінің азаматтары. Олардың басым бөлігі ауруды тамақ өнімдерінен жұқтырғанын айтып отыр. Сондай-ақ тазартылмаған суды пайдаланбағанын айтуда. Ең алдымен гигиеналық, санитарлық талаптарды сақтау керек», - деді  Алматы қаласы Көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басқармасының басшысы Мəулен ҰНАСПЕКОВ.

Ұшақ қызметкерлерін ауруды əуе кемесінде бірден анықтауы үшін оқыту шараларын жүргізген. Одан бөлек, қалада білім алып жатқан үндістандық студенттер жаппай тексерілген.

«Келіп жатқан әрбір Үндістанның тұрғындары бүгінгі күнде медициналық тексеруден өтеді. Қауіпті, қауіпті еместігі анықталады. Біздің Алматыда оқып жатқан студенттердің бәрін тексердік. Олардың саны 650-ті құрайды. Олар да бәрі таза болып шықты», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Алматыдан Нью-Дели, Гоа бағытына әуе рейстері ашылғаннан уақыттан бері 17 мыңнан астам жолаушы ұшыпты. Ал күнделікті 150-ге жуық азамат сапарлайды. Үндістанда соңғы бірнеше жылда 12 мың адам холераға шалдыққан. Соның ішінде 80-і көз жұмған. Қауіпті инфекцияның бастапқы белгісі іш өту мен жүрек айну. Дәрігерлер бұл мемлекетке жол жүретін азаматтарға өзімен бірге антибиотиктерді алып жүруге кеңес береді. Оған қоса, вакцина да қорғануға ықпалдасады, дейді.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров