Данияр Ақышев жақсы жаңалықтарымен бөлісті

21.12.2016 15:38

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевта жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Оның айтуынша, жыл басынан бері теңгелік салым арта түскен. Шетел валюта депозитінің үлесі 80 пайыздан 64 пайызға төмендепті. Банктер экономиканы жыл бойы бұрынғы көлемде қаржыландырған, 13 миллиард теңге шамасында. Соның ішінде өңдеуші кәсіпорын, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы несие алған. Одан бөлек, экономика құбылмалы айырбастау бағамына бейімделгендіктен, жылдық инфляция 7,5 пайызға төмендеген.


«Ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық Банк сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен қалыптасатын іргелі үрдістерге кедергі келтірмейді. Қарашаның соңында теңгенің биржалық бағамы жылдың басынан бері 0,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,44 теңгені құрады. Қазіргі уақытта нарықта теңге бағамының күн сайын аздап ауытқуы байқалады»,- деді ҚР Ұлттық Банк төрағасы, ¤ Данияр АҚЫШЕВ.


Оған қоса, Ұлттық банк басшысының сөзінше, реттеуші валюта нарығында 3 айдан бері өктемдік жүргізген жоқ. Ал, еркін өзгермелі теңге бағамы саясаты резервтерді біртіндеп қалпына келтіруді бастауға мүмкіндік берген. Құнды металл құнының өсуінің арқасында мемлекет алтын валюта қорын арттырған.