Алматыда жыл басынан бері 76 мыңнан аса адам профилактикалық екпемен қамтылған.
Дәрігерлер вакцина адамды әр түрлі инфекциялық аурулардан қорғап, иммунитетті қалыптасыратынын алға тартады. Мәселен, екпенің арқасында жыл сайын бір ғана Алматыда 10 мыңға жуық бала мен ересек аман қалады. Ал дәрігерлер ортақ иммундық жүйені көтеретін екпенің жоқ екенін жасырмайды.
Қазір дүйім жұрт арасында «иммунитет көтеру» жайлы көп айтылады. Алайда, иммундық жүйенің деңгейін білу үшін науқас міндетті түрде иммунограмма жасатуы тиіс. Өйткені, түрлі ауруларға тойтарыс беретін қорғаныштың көрсеткішін тек арнайы тексеріс қана анықтай алады. Дәрігерлер еліміздегі ұлттық күнтізбе бойынша жасалатын екпелер жаңа туған шақалақтан бастап, ересекке дейін иммунитет қалыптастыратынын айтады. Ал бір ғана екпемен иммунитет көрсеткіші белгілі бір уақытқа көтеріліп кетеді деген жансақ пікір дейді дәрігерлер. Сондықтан вакцина адам жасына байланысты егіледі.
«Бала туыла салған 12 сағат ішінде В гепатиті және туберкулезге қарсы екпе салынады. 1 жасында көкжөтел, қызылша, эпидемиялық паротит, дифтерия, полиомиелитке қарсы егіледі. 6 жасында қайта екпе салынады. Бұл ары қарай иммунитет қалыптастыру үшін жасалады. Екпеден кейін иммундық жүйе орташа есеппен, 5 жылға дейін сақталады. Ал 16 жастан бастап, әр 10 жыл сайын егілу керек», – дейді Алматы қаласы қоғамдық Денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әсел ҚАЛЫҚОВА.
Дәрігерлер вакцинаға қарамастан, иммундық жүйе әлсірегенде науқаста әлсіздік, тез шаршау, ашушаңдық, көңіл-күйінің күрт өзгеруі, себепсіз тәбеттің жоғалуы, шаш түсу мен терінің шамадан тыс құрғауы байқалады дейді. Иммунитетті толық көтеру үшін арнайы нұсқау бойынша дәрі-дәрмек жазылады.
«Барлық ауруға қарсы иммунитет қалыптастыратын белгілі бір екпенің түрі жоқ. Адамның қорғаныш жүйесі инфекциялық аурудан немесе аллергиядан түсуі мүмкін. Оның неден жоғалғанына байланысты анықталады. Содан кейін ғана иммунитетті көтеретін дәрілер жазылады. Түрлі аурудан соң иммундық жүйе белгілі мөлшерде әлсірейді», – деді «Орталық клиникалық курухана» АҚ аллергологиялық орталық меңгерушісі Элеонора СТАРЦЕВА.
Дәрігерлер көп жағдайда аллергиялық аурулар иммунитетті түсіреді дейді. Сондықтан, аллерголог-иммунолог маманға дер кезінде қаралған жөн.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы