Демалыс күндері болатын мәдени шаралар

Демалыс күндері болатын мәдени шаралар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаланың тірлігі шаршатқан халықты алдағы демалыс күндері қызықты шаралар күтеді. Қолөнер жәрмеңкесі, Француз танымал әншісінің концерті жоспарланған. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірегей көрме ашылды.

Алматыда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді. Онда көпшілік назарына тоқыма, ыдыс-аяқ, зергерлік және түрлі ұлттық бұйымдар ұсынылады. Алматы Арбатында отандық үздік дизайнерелерінің қолынан шыққан туындыларын көруге болады. Жалпы 40-тан астам шебер өз еңбектерін паш етпек. Одан бөлек, ісмерлер шеберлік сабақтарын өткізеді деп жоспарлануда. 

«Бізде осы Жібек жолында өткелі отырған 30-1 күні өтетін жәрмеңкемізде көптеген қазақтың қолөнері қойылады. Ол жерде жібекпен жасалған бұйымдар, жүннен жасалған бұйымдарымыз. Теріден, тері бұйымдарымыз қолөнершілер өте шеберлікпен жасалған бұйымдарын алып келеді әр шебер. Алматыда шеберлер өте көп»,-деді шебер Бейбіткүл ҚАСЫМБЕКОВА.

Ал мемлекеттік Орталық музейде «Жаңғырған мұра» көрмесі ашылды. Мұнда музей қорындағы қайта қалпына келтірілген зергерлік бұйымдар мен дәстүрлі белбеулер қойылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шарада Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета Сәдуақасова, қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі Шара Жиенқұлова және Олимпиада әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің белбеуін көруге болады.

«Орталық музейдегі осы көрмеге келсе өзінің жаңағы халқының мәдениетін емес, тіпті осы біздің қазақтың салтына, қазақтың дәстүріне сай қандай заттар кигенін көріп, мүмкін ол жаңғырылып, бүгінгі күнгі киімімізге қосып киер ме едік. Атап айтқанда, бұл жерде кісе белдік, кемер белдік, дегмент белдіктерді осы атауды біреу білсе, біреуі білмейді. Мына кісе белдік, қазір атымен аталмайды, жасалмайды біз көрмейміз»,-деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми хатшысы Ғалия ТЕМІРТОН.

Көрмеде қойылған белбеулер түрлі кезеңдерде қолданылған. Әр қайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, аңшылыққа шыққанда, ұзақ сапарға аттанғанда қолданатындары бар. Одан бөлек, алтынмен апталып, күміспен күптелген және қымбат матадан жасалған белдіктер назарға ұсынылған. 

«Музейде осы көрмелер де біздің қорды зерттеу негізінде осылай ұйымдасытырылып жатады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының негізінде біз осы көрмеде тұрған заттардың көбін біз көрме ретінде паш етпек. Кейбір жағдайда біз ғылыми монография, ғылыми каталогтар арқылы көрсетіп отырамыз. Және де осы тұрған заттардың көбісі біздің бүгінгі қазақтың дәстүрлі жүйесі категориялар мен атаулары атты ғылыми этнографиялық энциклопедияға кіріп отыр 5 томдық»,-деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми хатшысы Ғалия ТЕМІРТОН.

Классикалық музыкамен сусындаймын деушілер Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өтетін концертке баруына болады. Кеште өнерпаздар Пётр Чайковскийдің, Эдвард Григтің әлемге әйгілі шығармалары скрипка және фортепианода нақышына салып орындамақ. Концерт 30 маусымда кешкі сағат 18:30-да басталады. 

«Концертке қарқынды дайындалып жүрміз. Көпшіліккке осы әуендердің құдіретін ұғындырғымыз келеді. Жанар Садықовамен бірге бұған дейін галереяда өнер көрсеткен едік. Ал өнер сүйер қауым үшін камера залында концерттік бағдарламамызды алғаш рет қоймақпыз»,-деді скрипкашы Әшім ҰНАЙБЕКОВ.

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында 1 шілде күні музыкалық фестиваль аясында француз әншісі Джойс Джонатанның концерті өтеді. Танымал жұлдыз әлемге белгілі хит әндерін орындамақ.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров