Келер жылы Алматының Мақатаев пен Жароков көшелері трамвай рельстерінен түгелдей арылады. Биыл аталмыш көшелердің тек белгілі қиылыстарындағы темір талқандалады. Шаһар билігі осы жазда 18 жол қиылысындағы трамвай рельстерін алып тастамақшы. Бұл көлік жүргізушілерінің ыңғайы үшін қолға алынып жатқан шара екен. Жұмыс кезінде көшелер уақытша жабылуы мүмкін.
Трамвай тоқтағалы, темірлері тот басып құр жатқан рельстер жаз басталғалы алынып жатыр. Алматыда жалпы ұзындығы 64 шақырым трамвай рельсі болса, биыл соның 16 шақырымы бұзылады. Жұмысшылар қазірдің өзінде осы жылға жоспарланған Өтепов көшесіндегі шойын жолды түгелдей аршып, тас жолды қалпына келтіріп үлгерген. Асфальт төсеп, бордюрлерін ауыстырыпты. Бұған қоса осы жазда 18 жол қиылысындағы трамвай рельстері алынады. Қопарылған жер дереу қалпына келтіріліп, қара жол төселеді. Жауаптылар көлік қозғалысын қиындатпау үшін қиылыстардағы жұмыстарды түнде істемек. Ал, көшені жабатындай жағдай болса, бас-аяғы жарты күн көлік қозғалысы уақытша бөгеледі.
«Оның ең басты себебі - трамвай жатқан көшеге жүргізушілер келген кезде міндетті түрде тежегішті басып, машинаның жылдамдығын түсіреді. Ал, ол толқын арқылы қаладағы бүкіл машиналардың қозғалысына өзінің кедергісін жасайды. Сондықтан, кедергісіз жүру үшін машиналардың қаладағы жүру жылдамдығын сақтау үшін біз сондай шешім қабылдадық»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.
Рельстер алынған көшелер тақтайдай тегістеледі. Маңайдағы бордюрлер ауыстырылып, тротуарлар да жаңартылады. Сондай-ақ, ұзындығы 21 шақырым веложол төселеді. Велосипед жолағы Орбита ықшамауданы мен Көкбазар аумағын жалғайтын болады. Айта кетсек, керексіз болып қалған рельсер «Алматыэлектротранс» компаниясының меншігінде.
«Рельстерді демонтаж жасау шынын айтқанда ол сондай күрделі жұмыс. Ол жерде үлкен техникалар, ауыр техникалар жұмыс істейді. Сондықтан, рельстердің өзінің ұзындығы ұзын болғандықтан, сол демонтаж жасайтын участоктарда жұмысты көшені жауып істеу керек. Өйткені, жаяу жүргіншілерге ол қауіпті болуы мүмкін»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.
Биыл қаладағы Өтепов, Қонаев және Шевченко көшелері шойын жолдан түгел аршылады. Ал, келер жылы Мақатаев пен Жароков көшелеріндегі 14 шақырымға жуық рельстер алынып тасталады. Сондай-ақ, Байтұрсынов пен Төле би көшелеріндегі темірлерді де алу жағы қарастырылып жатыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы