|
20.08.2018 | 18:41
5532

Қала күні: Алматыда Кітап фестивалі өтеді

Қала күні: Алматыда Кітап фестивалі өтеді

Алматыда қала күні мерекесінің аясында Кітап фестивалі өтеді. Қыркүйектің 8-іне жоспарланған «KITAP FEST» мерекесі 2014 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Шарада отандық жазушылар шеберлік сабақтарын өткізбек.

Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 30-ы аралығында мегаполисте 100- ден аса іс-шара жоспарланған. Оның 50-ден астамы мәдени шаралар.

«Kitap Fest» шарасының мақсаты тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Мұнда оқырман қазақ әдебиетінің марқасқалары мұра етіп қалдырған еңбектермен, сондай-ақ жаңадан жарыққа шыққан туындылармен таныса алады. Сондай-ақ арнайы кітап иллюстрациясы жасалып, 5 мыңға жуық туынды үлестірілмек.

«Кітап фестивалінде қойылатын кітаптар қала тұрғындарынан жиналады. Біз кітаптардың бәрін іріктеп, сол фестиваль болатын күні арнайы лабиринттар құрастырамыз. Кітап инсталляциялары, кітаптан жасалған қызықты мүсіндер жасау арқылы, қала тұрғындарының қызығушылығын арттырсақ дейміз. Содан кейін ол кітаптарды қала тұрғындарының оны таңдап алуға мүмкіншіліктері болады», – деді Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат СПАТАЕВА.

Отандық жазушылар тұрғындарға арнап шеберлік сабақтарын өткізеді. Қаладағы ірі кітап дүкендері жәрмеңке ұйымдастырмақ. Фестиваль аясында балалар үшін ойын аймағы жұмыс істейді. Онда аниматорлар жеткіншектерге суда сурет салу, аквагрим және өз қолымен кітап жасауды үйретеді.

«Биыл «I book you» ұйымдастыруыменқалада ең үлкен кітап алмасу шарасы өтеді. Яғни, тұрғындар өздерінің оқыған кітаптарын жаңаға алмастыру мүмкіндігіне, сонымен қатар, өз полкаларын жаңа кітапқа толтыру мүмкіндігіне ие болады. Көптеген білікті мамандарды шақырып отырмыз. Солармен кітап оқу арқылы қалай дамуға болады деген сияқты көптеген ірі-ірі семинарлар өткізбекпіз», – деді «KITAP FEST» бас үйлестірушісі Майра ӘЛЖАНОВА.

Кітап фестивалі 8 қыркүйекте өтеді. Дәстүрлі түрде 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға биыл 6 мыңнан астам тұрғын келеді деп күтіліп отыр.


Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир