Денис Тен өліміне қатысы бар азаматша қамауға алынды

27.07.2018 23:40

Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен тағы бір адам ұсталды. Үшінші күдікті ретінде полицейлер Жанар Толыбаева атты азаматшаны қамауға алған.

Бас прокуратура өкілдерінің сөзінше, Толыбаева қылмыс жайлы ақпаратты біле тұра, құзырлы органдарға хабарламаған.

Қолына кісен тағылған Жанар Толыбаева Алматы қаласының Алмалы аудандық соты шешімінен екі айға қамауға алынды. Егер де күдіктінің айыбы дәлелденсе, ол 14 миллион 400 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс немесе алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Бас прокурор аталмыш қылмыстық істі өз бақылауына алған. Қылмыстық кодекстің 193 бабына сәйкес, іске қатысты нақты процессуалдық прокурор тағайындалды. Іс «пайда табу мақсатында бір топ адамның зардап шегушіні қасақана өлтіруі» және «пайда табу мақсатында бір топ адамның қарақшылық жасауы» деген екі бап бойынша қаралуда», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Елдегі ең үздік мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің 19 шілде күні қарақшылардың қолынан ауыр жарақаттанып, ауруханада қайтыс болғаны белгілі. Қаскөйлікке барған  Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовтан әлі де жауап алынып жатыр. Қарақшылыққа барған қос күдіктінің қайсысы аяусыз пышақ салғанын арнайы сараптама анықтамақ. Ал чемпионның туыстары болса қайғылы жағдайдың куәгерлеріне көмек көрсетуді сұрап отыр. Өйткені, Денис Теннің туыстарының болжамынша, чемпион кездейсоқ емес, қастандықтың құрбаны болуы мүмкін.