Денис Теннің қазасына байланысты сауда орталықтарында көңіл көтеру шаралары өтпейді

Денис Теннің қазасына байланысты сауда орталықтарында көңіл көтеру шаралары өтпейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана мен Алматы қалаларының сауда орталықтары Денис Теннің қазасына байланысты көңіл көтеру шараларын өткізбейтін болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Құрметті қонақтар, MEGA сауда ойын-сауық орталығының барлық желісінде жұма, сенбі және жексенбіге (20, 21, 22 шілде күндері) жоспарланған көңіл көтеру шаралары болмайтынын хабарлаймыз», — делінген сауда орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында.

Көңіл көтеру шаралары Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығында да өтпейді.

«Біз Денис Теннің жақындары мен туысқандарына, сондай-ақ оның әлемдегі барлық жанкүйеріне көңіл айтамыз. Бәріміздің де қабырғамыз қайысып отыр. Трагедияға байланысты Esentai Mall әкімшілігі Esentai Music Festival аясында 21 шілдеге жоспарланған концертті өткізбейтін болды», — деп жазды орталық.

Еске салсақ, трагедия 19 шілдеде күндіз Алматы қаласының орталығында болған. Денис Тен тұрақта тұрған автокөлігіне келе жатып, көліктің айнасын ұрламақ болған қаскөйлерді көреді. Ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, пышақ жарақатын алған.

Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң көз жұмды.

Полиция спортшыны өлтірді деген күдікпен 24 жастағы Нұралы Қиясовты ұстады. Ол кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта екінші күдікті – Қызылорда облысының 24 жастағы тумасы Арман Құдайбергенов іздестіріліп жатыр.



Новости партнеров