Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті билік өкілдерімен біріге тексеруді бастады

07.04.2018 15:39

Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті билік өкілдерімен біріге жоспардан тыс тексеруді бастады. Оған тегін дәрі-дәрмектің жұртшылыққа әлі де болса жетпеуі себеп болып отыр. Бұл туралы Сенаттың кеңейтілген отырысында мәлім болды. Жиын кезінде Денсаулық сақтау министріне тағылған сын да аз болмады. Бірі ақ халаттылар кәсіби деңгейін сөз етсе, бірі тегін медициналық қызмет пен ақылы қызмет ара жігін анықтау керек деді. Қатерлі ісіктің кеңінен дамуы да тыс қалмады. Дәрігерлер ол үшін ет пен тұздан бас тарту қажет, дейді.

Елбасының «5 әлеуметтік бастамасынан» кейін ақ жағалылар бір күнге тағат таппады. Күні кеше Елдорда да Президент Астананың даму жоспармен танысса, Сенат депутаттары кеңейтілген жиын өткізді. Ең алдымен күн тәртібі негізінде тегін дәрі-дәрмектің әлі күнге дейін жұртшылыққа жетпеуі Денсаулық сақтау өкілдерін алаңдатты. Осыған орай, Елжан Біртанов әр өңірде жергілікті билік өкілдерімен біріге жоспардан тыс тексерудің жиілейтінін жеткізді.

«Халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жағдайларында жүргізетін талдау нәтижесінде біз бірқатар жүйелі проблемалар анықтадық. Біріншіден, медициналық ұйымдардың дәрілік заттардың қажеттілігін дұрыс қалыптастырмаумен. Екіншіден, өңірлердің ақпараттық жүйелеріндегі қате деректерді еңгізу. Үшіншіден, дәрілердің қозғалысын бақылау мен есепке алудың бұзылуымен. Осы жағдайлардың негізінде министрлік әкімдіктермен бірлесіп, қазіргі кезде елдің барлық өңірлерінде медициналық ұйымдарды жоспардан тыс тексеру жүргізуде», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Министрді байыппен тыңдаған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ақ халаттылардың кәсібилігіне алаңдаушылық білдірді. Әрі, жоғары оқу орындары студенттер санына емес, сапалы қызметкер дайындап шығаруға көңіл бөлу қаже деді. Сонымен қатар, спикер тегін көрсетілетін қызмет түрлерін анықтап алу  керек екенін түсіндірді. Оның ойынша, қазіргі кезде халық мемлекет тарапынан жасалатын тегін көмек пен ақылы қызметтің ара жігін ажырата алмай, артық шығынға батып келеді.

«Президент халыққа тегін медициналық қызмет көрсету бағытын кездейсоқ таңдаған жоқ. Өйткені, қозғалған мәселелер тек ресми түрде айтылып келеді. Бірақ іс жүзінде жұрт қандай көмекті тегін, қайсысын ақылы алудың ара жігін ажырата алмай келеді», - деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жиында еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова қатерлі ісіктің дендеуіне себеп болатын жайттарға тоқталып өтті. Оның сөзінше, мұндай дертке жеңіл қарамаған жөн. Әрі, ет пен тұзды мүмкіндігінше қолданбаған дұрыс. Бұл өз кезегінде асқазан мен ішек жолдарында кездесетін ісікті төмендетуге сеп болады дейді. 

«36 мыңға жуық қазақстандық осы дертке шалдыққан. Оның 15 мыңы көз жұмады. Әйелдердің ішінде бұл статистика жоғары.  Өйткені, нәзік жандар арасында  сүт безі обыры жиі кездеседі. Ал ер азаматтарда өкпе, асқазан қатерлі ісігі басым. Дертке шалдыққан 70 пайыз адамның көбі жұмысқа қабілетті азаматтар. Мемлекетке келіп отырған шығын көлемі жылына 20 млдр теңгені құрайды», - деді ҚР ДСМ «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Отырыста белсенді ат салысқан қоғамдық ұйымның өкілі Бақыт Түменова бедеуліктің бір себебі - ауладағы дәретхана да дейді.Оның сөзінше, денсаулыққа тек медицина ғана емес, әр азаматтың өзі жауапты.

«Бедеулік неліктен болады? Көбінесе кейбірде жас кезде, балалық кезінде қабыну болған. Ал ол қабыну неге байланысты? Жылы туалеттер жоқ ауылдық жерде. Егер ауылдық жерде жылытып тұрып дұрыс туалет салса, өзіңіз барып көріңізші, үлкен құлып тұрады. Балалар баяғыдай осыдан 50 жыл бұрынғы сияқты далаға жүгіреді», - деді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті  Бақыт ТҮМЕНОВА.

Жасанды жолмен ұрықтандыру тақырыбы да қозғалды. Ақпарға сенсек, осы бағытта мемлекет өткен жылы 900 квота бөліпті. Дәл сондай. Бір реттік процедураның өзі 700 мың теңгеге жуықтайтын көрінеді. Еліміз бойынша бүгіндері отбасын құрған азаматтардың 15 пайызы бала сүйе алмай отыр. Мамандардың сөзінше бедеулікке алып келетін басты себеп- түсік тастау екен. Осыған орай, шенді-шекпенді денсаулыққа жауапты ең алдымен адамның өзі екенін түсіндіру қажет - дейді. Әрі дертпен емес, аурудың алдын алу шараларын қолға алу керектігіне ерекше назар аударды.