Депутат ТҚЖБ-ны жекешелендіруге қатысты наразылық білдірді

Депутат ТҚЖБ-ны жекешелендіруге қатысты наразылық білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бұл не деген мазақ?». Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев Үкімет сағатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке қолға берілуіне қатысты наразылық білдірді. Халық қалаулысы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен қазақстандықтардың баспанаға деп тірнектей жинайтын қаржысы қордаланған банкті жекешелендіруден нендей пайда түсерін сұрады. Сонымен қатар, депутат мемлекетке табыс әкеліп жатқан, тиімді мекемелердің де жекешелендіруге шығарылуын түсінбейтінін мәлімдеді. «Байтерек» басқарушы холдингінің өкілі құрылыс жинақ банкінің белгілі бір бөлігі ғана жекеге сатылатынын, ал банктің қызметін мемлекет әрі қарай да бақылайтынын айтқанымен, мәжіліс мүшелерінің күдігін сейілте алмады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» тағы да қарап көреміз деп айтып жатырсыздар. Бұл не деген мазақ сонда? Сіздер стратегиялық әріптестік жайында айтасыздар. Біз одан не ұтамыз? Әріптес келді дейік. Бірақ ол өз ережесін әкеледі ғой? Біз оған не айта аламыз? Банкті жеке қолға бергеннен не ұтамыз, неден ұтыламыз? Сіз ашып айтпай отырсыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.

Бұған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жекешелендіру шараларын түсіндіріп, аталған шарадан кейінгі өзгерістер мен инвесторға қойылатын негізгі талаптар жайын айтып, жауап қатты.

«Бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағытын іске асырып келеді. Аталған міндет қала береді. Салымшыларға мемлекеттің 20 проценттік сыйақысы да төленеді. Барлық шарттар қалады. Бір ғана өзгеріс болады. Банктің қазіргі иесі - «Бәйтерек» xолдингінің орнына басқа инвестор келеді. Алайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» негізгі рөлі өзгермейді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Сондай-ақ алдағы уақытта еліміздегі 7 ұлттық компания жекешелендірілмек. Тимур Сүлейменов биылдың өзінде ұлттық компанияның үшеуі ІРО-ға шығарылады, деді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазақтелеком» акциялары орналастырылса, жыл соңына дейін «Қазатомөнеркәсіп» пен «Эйр Астананы» жекешелендіру жоспарланған. Қалған «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» компанияларын 2019-2020 жылдары жеке қолға өтуі ықтимал.


Новости партнеров