Депутаттар Астанада жауын суына арналған кәріз жүйесін жасауды ұсынды

07.09.2018 00:04

Нөсерден кейін көшелері суға толатын Астананың жағдайы Сенат отырысында көтерілді. Жауын суын тартып алатын арықтар соңғы рет 40 жыл бұрын, Кеңес үкіметі кезінде жүйеленгенін депуттатық сауалында алға тартқан Еділ Мамытбеков Үкімет басшысынан осы мәселеге араласуын сұрады.

Халық қалаулысы өз сөзінде нөсерден кейін қаланың тазалығына 13 тазарту құрылысы, 3 жинағыш-тоған, жаңбыр суы құйылатын 18 мың құдық пен 400 шақырым магистралды кәріз жүйесі барлық мәселені шеше алмайды деді. Сенатор тез арада шаруаны арнайы құрылған жүйе арқылы шешу керек екенін айтты.  

«Астананың негізі жоспарын жасау кезінде «Сәулет, қала құрылыс және жер қатынастары» басқармасының тікелей араласуымен біріңғай коллекторлар мен нөсер суын ағызатын кәріз жүйесін жасау керек. Бір уақытта заң жүзінде ағын мен кәріз суын әкету үшін төлемақы қоюды да ұсынамын. Жалпы, осы мәселені толықтай қадағалайтын мемлекеттік қызметі жасап шыққан жөн», – деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Еділ МАМЫТБЕКОВ.

Сенатта тағы бір маңызды елді мекен жайы сөз болды. Ресей заңы орнаған Байқоңыр қаласының Төретам және Ақай кенттері тұрғындары отандық денсаулық сақтау саласына жүгіне алады. Қос мемлекет осындай келісімге келген. Сенатта қабылданған заңға орай, ғарыш айлағы орналасқан қалада биыл 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта 19 мыңнан астам тұрғын тіркелген емханада келесі жылы Хирургия және жансақтау бөлімшесін ашу жоспарда бар.