«Қазақфильм» - еліміздің рухани және идеологиялық өнер ордаларының бірі. Ол тарих беттерінде аты алтын қаріппен жазылған асыл азаматтардың атымен тікелей байланысты. Сондықтан жеке қолға өтпеуі тиіс. Дәл осы ұранмен Мәжілісте біраз депутат «Қазақфильмді» жекешелендіруге қарсылық танытса, енді бірі ауған соғысына қатысқан ардагерлер жағдайын қозғады. Сонымен қатар, соңғы кезде бағасы шарықтаған жарық мәселесі де ұмыт қалмады.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы депутаттарға еліміздің заңнамалық актілеріне архив ісі бойынша өзгертулер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасын таныстырды. Құжатта мемлекеттік архивті толықтай электрондық форматқа ауыстыру, қызмет түрлерін кеңейту мен оны ақылы жасау негізге алыныпты.
«Бұл халықаралық тәжірибе. Дүние жүзінің барлық архивтері ақылы қызмет жасайды. Бұл қадам өз кезегінде оң әсер береді деген ойдамыз. Жұмыс қарқынына септеседі. Ақылы қызметтен түскен қаржы материалдық техникалық жағдайды жақсартуға, қызметкерлер жалақысын көтеруге жұмсалады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
Заң жобасы тыңдалғаннан кейін, бірінші оқылымда мақұлданды. Одан кейін, депутаттар көкейде жүрген «Қазақфильм» мәселесін қозғады. Депутат Қуаныш Сұлтанов аты аңызға айналған өнер ордасын жекешелендіруге қарсылық танытып отыр. Айтуынша, ұлттық идеология мен рухани дамудың символына айналған қасиетті орын еріккеннің ермегі болмауы тиіс. Осыған орай, Премьер-министр атына өз сауалын жолдады.
«Студияны сатып алған қожайын өзінің идеологиясын жүргізетін болады.Ол біздің жас өркен таланттарды өз мүддесіне мәжбүрлейді. Осы жағдайды ескеріп «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруыңызды өтінеміз. Заң бойынша жауап күтеміз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ.
Ал, Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутат Шакир Хахазов Энергетика министрлігіне ренішін білдірді. Екі ай бұрын жарық бағасының шарықтауына қатысты жолдаған сауалына жауап алмаған. Бүгінде қуат көзінің құны кәсіпкерлерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да ауыр тиіп отыр, деді. Тіпті жаңа жылдан бастап 10 пайызға көтерілді. Бұл Елбасы ұсынған «100 нақты қадамға» қарама қайшы -дейді халық қалаулысы.
«2017 жылдың 1 тамызында Энергетика министрлігі дифференциалды тарифті алып тастады. Бұл бағаның өсуіне алып келді. Жұртпен бірге, шағын және орта бизнес өкілдерінің қалтасын қақты. Ведомство басшылары заңда көрсетілген тәртіп пен талапқа бағынбай, жарық бағасын көтерді. Әрі, мұндай өзгерістер барысын халыққа жеткізбеді», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Шакир ХАХАЗОВ.
Мәжілісмендер Ауған соғысына қатысқан ардагерлер жағдайын тілге тиек етті. «Халық коммунистері» фракциясы интернационалист-жауынгерлерге баспананы тегін жекешелендіру жеңілдіктерін қайтару қажет, - дейді. Төменгі палата депутаты Жамбыл Ахметбеков бұл сауалын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жолдаған.
«Біз «Тұрғын үй қатынасы» бойынша 13 заңның 8 бабында көрсетілген талаптарды өзгертуді сұраймыз. Яғни өзге мемлекеттер аумағында соғысқа қатысқан жауынгерлер шетте қалмауы тиіс. Әділетсіз қарым-қатынас жойылуы қажет. Ол үшін Үкімет аталмыш заңға өзгертулер мен түзетулер енгізу ұсынысын жасау керек», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жамбыл АХМЕТБЕКОВ.
Бұдан өзге депутаттар көктемдегі сел жүру қауінде қаперге алды. Қазіргі аяз қайтқанымен, кей өңірге қар қалың түскен. Осыған орай, Ішкі Істер Министріне қазірден бастап дайындық шараларын қолға алуды ұсынды. Қажет болса, арнайы сауалда жолданбақ.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан