Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығы «Оpen Аlmaty-ға» осы уақытқа дейін 5000-нан астам адамнан өтініш келіп түскен. Арыз-шағымдардың жартысынан астамы қаралып, оң шешімін тапқан. Алматыға жұмыс сапарымен келген мәжіліс депутаттары орталық жұмысымен танысты. Депутаттар тұрғындарға елбасының «жүз нақты қадам» ұлт жоспары мен «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыруда атқарылған жұмысы туралы да түсіндіре кетуді естен шығармады.
Омарбек Елеев зейнетке осыдан екі жыл бұрын шыққан. Биылдан бастап зейнетақының базалық көлемінің көбейетінін естіген қария, толыққанды ақпаратты алу үшін «Оpen Аlmaty» орталығына келді. Жаңа қоғамдық орын туралы таныстарынан тыңдаған.
«Кей жерлерде кезек күтесің. Мына жерде келдіңіз сізді қабылдап жатыр. Ешқандай кезек жоқ. Жаңа алдымда 1-2 адам болды. Ол деген ештеңе емес. Жақсы сөйлесіп отырмыз», - деді Омарбек ЕЛЕЕВ.
Өткен жылдың қыркүйек айында жұмысын бастаған орталықты Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева аралап, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Қазіргі таңда орталықта қалалық 5 басқарма мамандары, прокуратура, ішкі істер департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлер палатасы мен 8 ауданның әкімдік өкілдері қызмет көрсетеді.
«Ашық Алматы», «Оpen Аlmaty» бұл деген теңдесі жоқ мекеме деп айтар едім. Себебі, бұл жерде келген азамат барлық мәселелер бойынша бірден жауап ала алады. Бұл деген халыққа қызмет көрсетуді, халыққа жақындату деген сөз», - деді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира ИСИМБАЕВА.
«Оpen Аlmaty» орталығына осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түскен. Атап өтерлігі, тұрғындар үшін Open Almaty.kz порталы мен 1308 арнайы желіcі де жұмыс істейді. Дәл осы call орталық тұрғындар арасында кең сұранысқа ие. Депутаттар түрлі үйірме мен өз идеяларын дамытуға арналған Smart.Point коворкинг кеңістігінің жұмысымен танысты.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы