Елімізде білім беру жүйесі түбегейлі өзгереді. Мемлекет басшысы биылғы халыққа жолдауында баса айтқан тармақтың бірі осы. Жастардың сандық технологияны меңгеруі мен қаржылық сауаттылығы қатар дамуы шарты. Алып шаһарға келген Мәжіліс депутаттары Президент жолдауында айтылған бағыттарды түсіндіріп, алда атқарылар жұмыстарды жіпке тізді.
Алматыға ат басын тіреген Мәжіліс депутаттары халыққа Президенттің биылғы жолдауда көрсеткен барлық басымдылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіруге кірісті. Бұл жолдау - еліміздің жаһандық мәселеге бәсекеге қабілеттігін шыңдайды деді халық қалаулылары. Елімізде білім беру жүйесіне едәуір өзгерістер енгізілмек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығы азайып, жастар қаржылық жағынан да, үш тілді қатар меңгеруден сауатты болуы шарт. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында 2017-2021 жылдары кәсіптік-техникалық тегін білім беру бағдарламасы жүзеге асады.
«Осы программа бойынша бізде бюджеттік негізде 106 жарым мың жастарды қамтимыз. Бұл жерде бізде жұмыссыз жүрген, өз мамандығымен жұмыс істемей жатқан азаматтар және Қазақстанда 29 жасқа дейінгі жастар да қамтылады. Сонымен қатар, 214 мың адам бір айлық курстан жоғары қысқа мерзімді курстарда оқытылады», - деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ.
Елімізде азаматтарды кәсіптік-техникалық салада тегін оқытуға 807 білім беру мекемесі тас түйін дайын. Биылдың өзінде жаңа бағдарламаға 605 мың адам қатыспақ. Оның 550 мыңы жұмыссыз болса, 55 мыңы жоғары оқу орындары мен колледждерді аяқтамай, оқудан шығып кеткен азаматтар екен. Осы жылдан бастап тұңғыш жүзеге асқалы жатқан бағдарлама ел экономикасының қуатын арттыруға қызмет ететін өндіріс орындарын мамандармен қамтиды.
Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.
«Бұл өте маңызды реформа. Бірақ егер оны табысты аяқтасақ, біз осылайша медицинаны дамыту үшін тұрақты қаржылық база құратын едік. Бұл өз кезегінде медицина саласына дербес, өзін-өзі қаржыландыруға мүмкіндік береді. Өйткені, біз қазір медицинаның дамуына өте көп бюджет қаржысын жұмсаудамыз», - деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина НИКИТИНСКАЯ.
Сондай-ақ жолдауда заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу де ұсынылды. Енді дәрі-дәрмектің құнын мемлекет тікелей бақылауға алмақ. Қазір бұл жоспар қалай жүзеге асатыны шенекніктер мен ақ халаттылар арасында қызу талқылануда.
Айдана Мейрамбайқызы, Асет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы