Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат түйіні шешілмей келе жатқан мәселелерді қарастырып, көлік саласындағы мемлекет бақылауын күшейтпек. Халық қалаулылары, нақты айтқанда, Бақтияр Мәкен кей пойыз бағыттарының Ресей шекарасы арқылы қатынағанда екі рет тексерістің жүргізілетінін және заң жобасы бұл мәселе бойынша қандай шараларды атқаратынын сұрады. Өйткені жолаушыларға бұл қолайсыздық туғызатын көрінеді. Дегенмен, мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің мүшесі Уалихан Қайназаров жаңа заң жобасы аясында бұл кедергілердің жойылатынын жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, Астана-Орал бағытындағы пойыз екі сағат көлемінде тексеріледі. Бірақ бұл бағыттан басқа, Алматы-Орал, Орал-Ақтөбе бағыттары бар. Жаңа норма бойынша, пойыздар тоқтаусыз жүреді, яғни шекаралық, кедендік тексерістер болмайды. Бұл жолаушыларға өте ыңғайлы болады. Айта кету керек, жақында Астана-Орал бағытында жүрдек пойыз жүреді. Ол азаматтарға діттеген жеріне ерте баруға септігін тигізеді деген ойдамыз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Уалихан ҚАЙНАЗАРОВ.
Аталмыш заң жобасы екі кодекс пен 9 заңға өзгерту мен толықтыру енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, депутаттарды трамвай мәселесі де алаңдатады екен. Соңғы уақытта қоғамдық көліктің осы түрімен орын алған жол апаттарының жиілеуіне байланысты қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Заң жобасы аясында рельсті қатынас құралдарының сапасын, жағдайын тексеретін арнайы орган құру қарастырылған. Ал Алматыда қазір жеңіл рельсті көлік жобасын енгізу жоспарлануда. Ол алдағы 4-5 жылдың ішінде нақтыланады.