Жамбыл облысы тауларындағы өртті сөндіру кезінде орман қорықшысы қаза тапты

07.08.2018 17:12

Өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы қызметкерлері және ерікті өрт сөндірушілер құрамы Жамбыл облысындағы шығуы қиын таулы жерлерде өртпен арпалысып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 тамызда, түстен кейін Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшесіне құрғақ шөптің өртеніп жатқандығы туралы хабар түскен.

Тілсіз жауды ауыздықтауға Жамбыл облысының Өрт сөндіру қызметінің 40 өрт сөндіру машинасы мен 3 техникасы, орман шаруашылығының 35 адамы мен 5 техникасы, ерікті өрт сөндіру құрамасының10 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылған.

Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі өртпен арпалысып жатқан адамдарға азық-түлік жеткізді.

«Табиғи өртті сөндіру кезінде қайғылы оқиға болды. Ақыртөбе орман шаруашылығының орман қорықшысы биіктіктен құлап, қаза тапты», – делінген ТЖК хабарламасында.

«Қазорманавиақорғау» РМҚК мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан территориясындағы жалын шарпыған аумақ 200 гектарға жуық.

Қазіргі уақытта тілсіз жау жалмаған аумақ өрт қайта өршімес үшін үздіксіз бақылауға алынған.