Жаңа әліпбидің кезекті ноқатты нұсқасы қызу талқыланып жатыр

10.10.2017 23:03

Жаңа әліпбидің кезекті, ноқатты нұсқасы қызу талқыланып жатыр. Тіл мамандарының бір тобы құптаса, енді бір тобы - тиімсіз тұстарын тауыпты. Айта кетейік, лингвистер қазақ әліпбиінің латын қарпінде таңбаланған жаңа үлгісін кеше ғана Елбасыға таныстырған.  Мемлекет басшысы бұл жобаға да өз бағасын беріп, тарихи кезеңді бірігіп шешуді атап өтті. Кейінгі нұсқа әуелгі үлгіден несімен ерекшеленеді?

Латын графикасына көшу тіл мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтар арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Жаңадан ұсынылған графиканың кезекті нұсқасына тіл мамандары өзінше баға беруде. Олардың сөзінше, бұл үлгі бірінші нұсқаға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Десе де қазақ тілінің тілтанымдық заңдылықтарынан гөрі техникалық тұрғыға аса көңіл бөлінген деген пікірде.

¤«Бұл әліпби тағы техникалық техниканы негізге алып жасалған әліпби екенін байқадым. Әліпбидің тиімсіз тұстары өте көп. Лингвистикалық жағынан тағы тиімсіз болып тұр, әдістемелік жағынан. Мына сөздердің оқылуы қиындайды. Әліпбиде жалпы сөз көзге, көзшалымға икемді болғаны дұрыс, жазуға оңтайлы болғаны дұрыс. Осының бәрі есепке тағы алынған жоқ», - деді Лингвист, филология ғылымдарының кандидаты Назира ӘМІРЖАНОВА.

¤Лингвист мамандар компьютерлік жүйеге басымдық берілген десе, ІТ саласының өкілдері ұсынылып отырған жаңа нұсқадан қарағанда, бірінші үлгі оңай екенін алға тартады. Себебі соңғы графикада көрсетілген дәйекше таңбасымен бір сөзді жазу үшін пернетақта функциясын бірнеше рет ауыстырып оытруға тура келетін көрінеді. Сондай-ақ ақпараттық технологияда апостроф таңбасы қауіпті белгілердің бірі болып саналса керек. Мамандардың сөзінше, дәйекше белгісі кибершабуылға жиі бейім келетін көрінеді.

¤«Үтірді ноқатын теру үшін shift кнопкасын немесе жоғарыдағы үлкен таңбасын басу арқылы жазамыз. Бұл әдеттегі қарапайым халық қолданысындағы бір кедергі. Екінші бірі бұл төбесіне қойған үтір программалау тілінде өте қатерлі таңбалардың қатарына енеді. Үтірдің артық немесе кем қойылуы салдарынан кейбір мәліметтерді, жоғалту немесе басқа да бір жүйеге шабуыл жасау сипатының олқылықтарын тудырып береді», - деді ¤ ІТ-маманы Тәліп НҮСІПҰЛЫ.

Дегенмен латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелері бұл нақты шешім емес екенін айтады.

¤«Біз қазір мұны ұсынып жатырмыз. Мұны қабылдай саламыз деп ойламаймын. Бұны да ақылдасамыз, бұны да көреміз. Жазған кезде нақты емлелік мәселелерін қарастырғанда ыңғайсыздық тудыратын жақтарын бола ма болмай ма? қарастырылады, зерттеледі», - деді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕК.

¤Жалпы еліміздің түпкір-түпкірінен 300-ден астам нұсқа ұсынылыпты. Соңғы көрсетілген үлгіні тіл білімінің, осы істің басы-қасында жүрген азаматтар ұжым болып таңдаған көрінеді.

Назкен Байтілес,  Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы