¤Жанармай тапшылығы шенділердің жұмыстан кетуіне себеп болды. Бүгін үкімет басшысы Энергетика вице-министрін қызметінен босатса, министрге - сөгіс жариялады. Бүгіндері бензин тапшы аймақтар аз емес.
Кеше ғана «жанармай тапшылығы жыл соңына дейін шешіледі» деп уәде берген Энергетика Вице-министрі бүгін қызметінен айырылатынын күтпеген болар. Екі аптадан бері ушыққан жағдайға биліктің араласуына тура келді. Шарықтаған баға мен бекеттердегі бензин қорының жоқтығы министрлер кабинеті басшысын қатты ашуландырған сияқты. Мән жайды біле келе бірін қызметінен босатса, біріне сөгіс жариялады. Бозымбаев енді Елбасы алдында тікелей жауап береді.
¤«Үкімет мүшелерін тәртіптік жауапқа тарту жағдайын Президент шешетін болғандықтан мен Елбасы атына Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс тастаймын. Ал, вице-министрді орнынан босату менің өз құзырымда. Канцелярия бүгін қажетті құжаттарды дайындайды», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жанармай жетіспеушілігі жыл сайын күзде орын алатын дәстүрлі мәселеге айналғандай. Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, Энергетика Министрлігі биыл да сыныққа сылтау тауып отыр. Себебі, Павлодар мен Атыраудағы зауыттардың тоқтайтыны көктемде белгілі болған. «Тек ертерек қамданып, қажетті көлемді уақытылы есептеу қажет болатын», -дейді.
¤«Мамыр айында Павлодардағы зауыттың жөндеу жұмыстары күзге ауыстырылатыны белгілі болған. Екі зауыттың тоқтайтынын біле тұра тапшылыққа жол беруі түсініксіз жағдай. Алдын ала қай аймақтарға жанармай жеткізу керек? Қанша көлемде? Осыны есептеу керек еді. Жоқ жерде мәселе туындап отыр», - деді¤ ҚР Премьер-министрі.
Бозымбаевтың министрлер кабинеті басшысымен сөз таластыруға қауқары болмады. Тек ақталып бақты. Белгілі болғаны жергілікті әкімдік өкілдерімен жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.
¤«Біз барлық әкімшілік өкілдерімен ұйымдастыру жұмыстарын өткіздік. Мен әр әкіммен жеке кездестім. Олар әр жанармай бекеттерімен түсіндіру жұмыстарын өткізу керек болатын. Яғни, бағаны көтеру мақсатымен жасанды жағармай тапшылығын жасап, қоймада сақтауға болмайтынын қатаң ескерттік. Қазіргі таңда тек екі бекетте ғана белгілі көлемде бензин сатылуда. Қалғандары ойдағыдай жұмыс істеп жатыр», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.¤
Бұл тұста отандық өндірушілер де сын тезінен өте алмады. «Қаз мұнай газ» Ұлттық Компаниясының вице-президенті орнын босатты. Аталмыш мекеме басшысы Сауат Мыңбаевтың айтуынша, тапшылықтың басты себебі, импорт бағасының өсуінде. Атап айтсақ, Ресейде жағармай бағасы, теңгеге шаққанда 220-ға жеткен. Әрі, жазда сырттан келген бензин көлемі екі есеге азайған. Ал, Қазақстанда 150 теңге көлемінде сақталып отыр. Осыған орай, мұнай өңдеу зауыттары сұранысы жоғары АИ - 92 маркілі бензин көлемін арттыру мақсатымен 95-80 маркілі жағармай өндіруді төмендеткен. Үкіметтегі кездесу барысында жауаптыларға бағаны тұрақтау мен тапшылықты жою жүктелді.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астана