Жапонияда Олимпиада және Паралимпиада ойындарын қолдауға арналған акция бастау алды. Ел тұрғындары өздерінің ескі ұялы телефондарын ортаға салуда. Ондағы бағалы металдар 2020-ыншы жылғы жарысқа медаль дайындау үшін пайдаланылмақ. Бұл шараға үлкен де, кіші де қатысады. Медальдар дайындау үшін барлығы 8 тонна металл қажет екен. Химиялық процестің көмегімен, алтынды бөлек, күмісті бөлек жинауға мүмкіндік болады. Бұдан 5000 медаль жасалады деп жоспарлануда. Бұл жоба экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді. Билік өкілдері осылайша, Олимпиада ойындарына кететін шығынды азайтпақ.
«Біз бұл жоба арқылы Токиодағы Ойынның дайындығына қатысуға мүмкіндік аламыз. Сіздердің ұялы телефондарыңыз олимпиада және паралимпиада медальдарын дайындауға жұмсалатын болады. Бұл керемет жайт»,- деді Токио Губернаторы (Жапония), Юрико КОИКЭ.