Жапонияда роботтар қарттарға қарайласып жүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

НАСА ғалымдары өмір сүруге болатын өзге де планеталарды іздей бастады. Олар жаңа жерсерік құрастырып, жақында ғарышқа аттандырмақ. Ал  Жапонияда роботтар қарттарға қарайласып жүр. Күтушілердің міндетін атқаратын құлтемірлер қарияларға жаттығу жасатып, көңілдерін көтереді екен. Осы тұста, Қытайда құмды дауыл тұрды. Табиғи апаттан өңірде төтенше жағдай жарияланған. Жаһан жаңалықтары келесі топтамада.

НАСА ғалымдары жаңа жерсерік құрастырды. Ғарыш аппараты осыған дейін әлі зерттеле қоймаған планеталарға жіберілмек. Спутниктің көмегімен ғалымдар басқа ғаламшарларда тіршілктің бар-жоғын анықтауды көздеп отыр. 

«Біз құрастырған жерсерік жұлдыздарға аттанады. Мақсат - транзиттік экзопланеталарды анықтау. Ғарыш аппаратына телескоптар орнатылған. Біз сол арқылы басқа планеталарда тіршіліктің бар-жоғын тексереміз», - деді  астрофизик Пол ГЕРЦ.

Жаңа жерсерік ғарышта 2 жылдай жүреді. Осы аралықта 200 мың планетаны тексеріп шықпақ. Жиған мәліметті 3 ай уақыт сақтауға қауқарлы екен. Ал ғалымдар қажетті ақпараттарды іріктеп, керектісін ғана алып отарды. Телескоппен жарақталған жерсерік ғарыш айлағынан 16 сәуірде ұшырылмақ.

Жапонияда құлтемірлер қарттарға қарайласып жүр. «Пиппер» есімді мына робот егде жастағы адамдарға жаттығу жасатып, көңілдерін көтереді екен. Тіпті, зеріккен қариялармен сөйлесе алатын қабілетке ие.

Қазір қарттар үйінде мұндай роботтардың жиырма шақтысы бар. Олар күтушілердің қызметін атқарады екен. Ақылды құлтемірлердің санын мамандар алдағы уақытта көбейтуді көздеп отыр. Өйткені, Жапония тұрғындарының 27 пайызын - 65 жастан асқандар құрайды. Ал елу жылдан кейін күншығыс еліндегі қариялардың саны тіпті 40 пайызға жуықтауы мүмкін.

Қытайда құмды дауыл тұрды. Бейжіңдегі ауа индексі күрт нашарлап, елде төтенше жағдай жарияланды. Қошқыл шаңнан тұрғындар беттерін тұмшалап жүруге мәжбүр. Ал Хэбэй провинциясындағы жағдай тіпті мүшкіл.

«Мен бұған үйреніп қалдым. Біздегі ауа сапасы бұрыннан нашар. Арада қанша уақыт өтсе де, жағдай оңалған жоқ. Денсаулығыма зиян келе ме деп қорқамын. Сондықтан сақтанып жүруге мәжбүрміз», - деді Бейжің тұрғыны Гао ШАНЬ.

Бейжің - Қытайдың ең лас қалаларының бірі. Мұндағы ауа самсаған кәсіпорындардан шығатын қошқыл түтіннен ластанады. Ал құмды дауыл іргедегі Моңғолиядан ойысқан көрінеді.


Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров