Жасанды ұрықтандыру бағдарламасына 40 жыл. Осы аралықта әлем бойынша 6 миллион адам өмірге келген. Ал Қазақстанда ана мен әке бақытын сыйлайтын орталықтар 23 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Елімізде бедеулік мәселесін шешу жақсы жолға қойылған, себебі, мемлекетіміз бедеулік мәселесін шешу үшін ЭКО орталықтарын ашты. Ашылғанына биыл 23 жыл болған ондай бірегей орталықтар Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан өзге көрші мемлекеттерде мүлдем жоқ екенін айта кету керек. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында баласыз отбасылар мәселесін шешу мақсатында 20-ға жуық ЭКО орталығы ашылған.
Алайда, мемлекет тарапынан бөлінетін квота саны жыл санап көбейіп жатқанымен, жетіспеушілік әлі де байқалады. Бір Алматының өзінде кезекте мың отбасы тұр екен. Жалпы, ЭКО орталықтар көмек сұрап келген, еш кезек күтіп жүре алмайтын отбасылар қалталарынан қанша қаражат шығару керек деген сұрақтарға жауап іздеп, Алматы қаласы Репродуктивтік медицина орталығының гинеколог-репродуктолог дәрігері Ләззат Айтқожинаны сөзге тартқан едік.
«Кез келген адамның бала сүюге құқысы бар. Бізге бала сүйгісі келетін отбасылар мен жалғыз басты келіншектер келіп жатады. Көмек сұрап келуші адамның денсаулығын толық тексеруден өткізіп аламыз. Егер келіншек денсаулығында бала көтеруге еш мүмкіндік бермейтін қандай да бір кінәраты болса, 10-15 жыл уақыт өткізіп, тіпті қаншама дәрі-дәрмек алғанымен, түрлі емдер еш нәтиже бермесе, онда біз ЭКО бағдарламасын ұсынамыз. Біз келген әйелдің бәріне ЭКО-ұрықтандыру тәсілін жүргізе бермейміз. Егер өздігінен бала көтеретін мүмкіндігі болса, басқа жолмен емдеуге тырысамыз, кейде лапароскопия жасаймыз, кейде гармоналдық ауытқуларды, ағзадағы инфекцияларды емдейміз», – деп түсіндіріп өтті гинеколог-репродуктолог дәрігер Ләззат АЙТҚОЖИНА.
Жасанды ұрықтандыру әдісіне бел буған келіншектердің тек өздерінің ғана емес, күйеулерінің де денсаулығы тексерістен өтеді. Егер бала сүюге еш мүмкіндік болмаған жағдайда ғана, дәрігерлер келушілерге аталмыш бағдарламаны ұсынады.
2010 жылдан бері республикамыз бала сүйе алмай жүрген жұптарға мемлекеттік квота бөле бастады. 2018-ші жылы 900 квота бөлінген екен. Бөлінген квота санының артып келе жатқаны қуантқанмен, бір Алматының өзінде мыңнан астам баласыз отбасы квота кезегінде тіркеуде тұр. Ал бүкіл Қазақстан бойынша бөлінген 900 квота әрине, аз. Жалпы, жыл сайын еліміз бойынша 6500-ге жуық әйел жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінеді.
«Жасанды ұрықтандырудың ақылы түріне тек қалтасы қалың азаматтар ғана жүгінеді деу қате. Бала сүйгісі келген отбасының еш қаржысын аямайтыны белгілі. Олардың көбінесе қарапайым азаматтар екенін атап өту керек. Тек өз кезегін 3-4 жыл күтіп, уақыт ұттырмас үшін, қаражат жинап, несие алып, түрлі жолмен ЭКО орталықтар қызметіне жүгініп жатады. Өйткені, кезек күтіп жүргенде, әйел белгіленген жастан өтіп кетуі мүмкін. Алайда, экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінген әйелдің бәрі бала көтере салмайтынын да әсте естен шығармаған жөн», – дейді гинеколог-репродуктолог маман Ләззат АЙТҚОЖИНА.
Кезек күтпей, өз қаржысымен көмек алғысы келетін жандар үшін айта кетсек, ЭКО бағдарламасының жалпы құны 1 миллион 200 мың теңге көлемінде болады.