Жетісу ауданының әкімін тұрғын үйлерді су басу қаупі алаңдатып отыр

22.12.2017 21:53

Жетісу ауданындағы екі жүзден аса жеке тұрғын үй су басу қаупі басым аймақта орналасқан. Аудан әкімі Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, сайдағы құрылымдарды өзен емес, жер асты суы күйретуі мүмкін. «Осыдан он шақты жыл бұрын өзен үстіне тұрғын үйлер салынып кеткен. Қазіргі проблема содан шығып отыр», - дейді аудан басшысы. Тік жарлар габион тормен бекітілсе де, қауіп деңгейі сақталып отыр. Өйткені өзенің бұрынғы табиғи арнасы жер асты суынан арылмайды.

«Жерасты суы деңгейінің көтерілуі, ертең осы аумақта орналасқан үйлерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, оның қаншалықты тереңдікте орналасқанын білу үшін гидравликалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, оны білу арқылы одан арғы әркетеміз белгілі болады. Жер асты суын тарту гидрологиялық жұмыстарын да жүргізуіміз мүмкін», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Ал, Айнабұлақ-1 және Айнабұлақ-2 ықшам аудандарында ескі су арнасын бекіту жұмыстары алдағы уақытта қолға алынады. Сәулетшілер бұл мақсатта тиісті жұмыстар жасап жатыр.