Алматыда 53 отбасыға пәтер кілті табыс етілді

Алматыда 53 отбасыға пәтер кілті табыс етілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық 50 отбасы үшін бас қатырар баспана мәселесі өз шешімін тапты. Оларға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, пәтер кілті салтанатты түрде табысталды.

Асыраушысынан айырылған Ақбота Асдасханова 10 жылдан бері Алматыда пәтер жағалап келген. Тапқан табысын жинауға шама-шарқы жетпейтініне көзі жетіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізуге бекінген. Бүгін қоныс тойын тойлап жатқан келіншек енді айына бір бөлмелі пәтерге 60 мың теңге төлейді. Бір шаршы метрдің құны  – 1120 теңге көлемінде. Айта кетсек, тұрғын үй сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі. Баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған келіншек  бұл  мүмкіндіктің  өте тиімді екенін айтады.  

«Енді біз сияқты отбасыларға баспақы жарна керек емес. Ол өте тиімді. Сол 3-4 миллион теңгенің өзін қаншама уақыт жинау керек. Ал бұл бағдарламаға қатысу арқылы баспақы жарнасыз, пәтердің таза ақысын 20 жылға төлейміз.  Ешқандай пайыз төлемейміз. Сол жағы өте тиімді», – дейді Ақбота АДАСХАНОВА.

«Думан-2» ықшам ауданында бүгін дүркіреген той. Ақбота секілді 53 адам қоныс тойын тойлады. Құлыншақтарын құшақтаған жас аналар мен еңкейген қарттар да осында. Тұрғын үй бағдарламасының басты мақсаты да сол: жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға мүмкіндік беру.  

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көбінесе мемлекеттік қызметкерлер, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балаларға және сырттан келген қандастар қол жеткізе алады. Осы бағытта Қазақстан ипотекалық компаниясы 2015-2018 жылдар аралығында еліміз бойынша 17 мың пәтер кілтін табыстап үлгерді. Оны жүзеге асыруды жалғастырып келеміз. Алматы қаласына келер босақ, үш жылдың ішінде 5 мыңнан астам отбасы дәл осы бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізді», – деп мәлімдеді «КИК» ИҰ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан КӘКІМ.

Кілт табыстау рәсімі мұнымен тоқтап қалмайды. Үйге кезекте тұрған алматылықтар категориясына қарай  биылдан қалмай «Жас қанат» ықшам ауданынан пәтер ала алады. Онда 1 мың 800 пәтерді қамтитын  47 үй қолданысқа берілмек.  Оған қоса, дәл осы «Думан» ықшам ауданынан тағы да көп қабатты тұрғын үйге қоныстанушылардың қатары артпақ . Қазақстан бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарламаның рекордықтық көрсеткіші былтыр болған еді. Өткен жылы 11 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, үйсіз жүргендерге үлестіріліп болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш арта түспек. 

Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров