Алматының «Алғабас-6» ықшамауданындағы апатты үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына көшіп жатыр. Көптен күткен пәтер кілтін алған 72 отбасының мүшелері мәз-мейрам. Жаңа үй толық біткен. Тек газ құбырын жүргізу жұмысы қалды.
Файза Ғаббасова қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі. Ол өткен жылдың жазында шатқаяқтап қалған №136 үйдің тұрғыны болатын. Сөйтіп өтем ақы ретінде құрылыс компаниясы жаңадан тұрғын үй салып берген еді. Жаңа үй толығымен көңілімнен шықты дейді. Жаңа баспанаға жаңа жиһаз алып, оның барлығын жайғастырып жүр. 1 бөлмелі үйі бұрынғысынан еш айырмасы жоқ. Шаршы метрлері де еш өзгеріссіз.
«Бұрынғы шыққан үйіміздің көлеміндей. Одан артық болмаса, кем емес. Кейбір ол жақта болған кемшіліктер бұл жақта жоқ. Барлығы жақсы болды. ризамын. Мен өз басым ризамын»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Файза ҒАББАСОВА.
Жаңа баспананың құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Құрылысты қоғамдық комиссия арнайы бақылаған. Сондай-ақ, тұрғындардың ішінен сайланған топ жетекшілері де құрылыс нысанның басы-қасында болыпты.
«Қазған күннен бастап, тұрғызылған күннен бастап, тоғыз қабат тұрғанша, ішіндегі мынау жасалып жатқан бөлмелердің барлығын біздер келіп тексеріп жүрдік. Күні кешеге шейін келіп жүрдік. Бөлмемізді де айтты»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Файза ҒАББАСОВА.
9 қабатты үй 72 пәтерден тұрады. Жаңа баспананың сапасын мұнда енді көшіп жатқан Қалдыбек Исмаилов жоғары бағалауда. 3 бөлмелі пәтерде 4 балам тұрады дейді ол. Қазір олар уақытша Астана құрылыс компаниясы жалдаған баспанада тұрып жатыр.
«Істелген жұмыстың бәрі сапалы жасалған бұл үйде. Жақсы істелген бұрынғы үйге қарағанда, анау жақтағы үй бұрын ондай емес еді. Полный ремонт жасағанбыз ол жақта. Ал енді сол үйден есіктерінен бәрін шығарып, жаңа үйге қойып жатырмын»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Қалдыбек ИСМАИЛОВ.
Жаңа пәтерде жеделсаты әзірге іске қосылмаған. Көгілдір отын да әлі тартылмапты. Компания жетекшілері оны жуырда жасаймыз деп отыр. Астана құрылыс компаниясы 9 қабатты үйді толығымен өз қаржысына салған. Естеріңізге сала кетсек, Алғабас ықшам ауданында 9 қабатты үй қисайып қалған болатын. Апатты үй қазіргі кезде қалпына келтірілген.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы