Байқоңыр тұрғындары алдағы уақытта отандық медицина қызметіне жүгіне алады

21.06.2018 01:19

Байқоңыр тұрғындары алдағы уақытта отандық медицина қызметіне жүгіне алады. Елжан Біртанов бүгін Мәжілісте осы сұрақты реттейтін жаңа заң жобаны депутаттар назарына ұсынды. Тегін медициналық көмек ғарыш айлағы маңында орналасқан Төретам және Ақай елді - мекендеріндегі 48 мыңға жуық халыққа көрсетілмек.

Халық саулығы мемлекет көңіл бөлетін алдыңғы шептегі мәселе. Мәжілісте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Байқоңыр» аймағында күн кешіп отырған жұрттың  медициналық көмек алу жағдайын көтеріп, арнайы заң жобасын дайындапты. Құжатқа көз жүгіртсек, енді Байқоңыр қаласымен Төретам, Ақай ауылдарының 48 мыңнан астам тұрғыны отандық ақ халаттылар көмегіне жүгініп, тегін медициналық қызметке ие болады. Биыл осы бағытта мемлекеттен 189 млн теңге бөлініпті.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Байқоңыр қаласында болжам бойынша, 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 17 мыңнан астам халық тіркелген. Дәрігерлер және орта буын мамандар жасақталған 8 жалпы практика дәрігерлері участок ашылды. Емхана жұмыс істеу үшін 2018 жылғы Республикалық бюджеттен 189 млн теңге бөлінді.Жергілікті бюджеттен емхана толық жасақтау үшін 64 млн теңге жоспарланған»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Айта кету керек, 2019 жылы аймақта жансақтау және хирургия бөлімі де ашылады. Дәрігерлер жұмысын тек заңдағы өзгерістер күшіне енген кезде ғана бастай алады. Өткен жылы Ресей мен Қазақстан тарапы жедел-жәрдем қызметі, азаматтыққа, тұрған мекенжайына қарамай алғашқы көмек көрсететін жағдайға қол жеткізген болатын. Депутаттар қарастырған келесі мәселе әкімдерді сайлау жүйесіне қатысты болды. Мәжіліс, Сенат қайтарған заң жобасын қайта қарап, ескертпелерге құлақ асты.

«Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Конституцияның кейбір заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге» қатысты Сенат ұсынған тұстарды қарастырып, аудандық деңгейдегі қала әкімдерін, ауыл, ауылдық округ әкімдері лауазымына сайлауды қолданыстағы тәртіпті сақтауға шешім қабылдады»,-деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Светлана БЫЧКОВА.

Жиында халық қалаулылары ұялы байланыстарды бұғаттайтын құрылғылардың емін-еркін сатылуына алаңдаушылық білдірді. Ол тіпті заң жүзінде бақылауға алынбаған. Көбіне Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде қолданылатын жабдық ертең ел қауіпсіздігіне, әлеуметтік және экономикалық шығындарға итермелеуі ықтимал дейді депутат Кеңес Әбсатіров.

«Кейінгі кезде ұялы байланысты бұғаттаушы құрылғылар Ұлттық Бірыңғай тест өткізу кезінде кеңінен пайдаланылып отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталында осындай  құралдарды сатып алуға білім мекемелері жиі өтінім жасайды. Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік желілерде оларды қолайлы бағамен сатып алуға болатынын байқадық»,-деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кеңес ӘБСӘТІРОВ.

Ал депутат Шавкат Өтемісов халықтың коммуналдық қызметке берешегі 11 млрд теңгеге жетті - дейді. Осы орайда, жауапкершілікке тарту қиындыққа соқтырып келеді. Себебі, қарапайым мекемелер өз еркімен қандай да бір шара қолдануға қауқарсыз. Осы орайда, ол Бақытжан Сағынтаев атына хат дайындап, бұл мәселенің заңдық тұрғыда шешілуін сұрады.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан.