Алмалы ауданы әкімдігі "Тастақ" базарын 2 жыл ішінде жаңартпақ

17.02.2017 14:29

«Тастақ» - түрленеді. Алмалы ауданы әкімдігі қобырсыған базарды алдағы 2 жылда жаңартуды көздеп отыр. Осылайша, аяқ алып жүре алмайтын орын, жуырда адам танымастай өзгермек. Одан өзге, ескі үйлер сүріліп, орнына су жаңа тұрғын үй кешендері салынады. Қаланың көркін бұзған көне гараждар да талқандалмақ. Алмалыда атқарылатын жүйелі жұмыстарды бүгін аудан әкімі халық алдында жіпке тізді.

Қаланың қақ ортасындағы алып аудан, алдағы жылдары құлпыратын болды. Мұнда тозығы жеткен ескі үйлер күреліп, орнына 2 бірдей жаңа тұрғын үй кешені тұрғызылмақ. Зәулім қос баспана құрылысы осы көктемде басталады. Одан бөлек, 80 аула өзге кейіпке енеді. Жүргінші жолдары да жөнделетін болды. Бұл - тұрғындарды бұрыннан толғантқан түйткіл.

«Былтыр аудандағы ескі жүргінші жолдары жөнделген. Бұл жұмыстар үзілмейді. Жалғасын табады. Біз жолаушылар тасымалы басқармасына қосымша жүргінші жолдарын салу жөнінде бірнеше ұсыныс жасадық. Сіз аудан аумаққа - жуырда асфалть төселеді»,- деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі, Жасұлан ЕСТЕНОВ. 

Былтыр бас-аяғы 18 шақырымдық жүргінші жолы жөнделген екен. Жаңарған арық жүйелері де бар. Ойқы-шойқы тас жолдар жамалып, тақтайдай тегістеліпті. Ендігі күшті - саябақтарды жаңартуға сарқу қажет. Өткен жылы ауданда 350 кәрі ағаш оталған екен. Төле би көшесі бойындағы 8 демалыс орны түрленген. Ол орындарға 300-ге жуық орындық қойылып, қоқыс жәшіктері орнатылыпты. Балалар ойнайтын алаңқайлар да өзгерген. Келмеске кеткен трамвайды да тұрғындар тілге тиек етті.

¤¤Ол орын бос қалмайды. Болашақта бос телімге көлік мұражайын салуды жоспарлап отырмыз. Төңірегі толықтай абаттандырылады. Жұрт алаңсыз серуендейтін саябақтар пайда болады»,- деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі, Жасұлан ЕСТЕНОВ. 

Тұрғындарды қуантқаны - «Тастақтың» түрленуі болды. Аудан басшылығы алдағы 2 жылда бүлініп біткен базарды түбегейлі жаңартуды көздеп отыр. Қиқы-жиқы орындар күреліп, саудагерлер заманауи кешенге көшіріледі. Көлік қоятын тұрақтар салынады. Сөйтіп, қобырсыған жер - қалыпқа келіп,  құлпырады.

Дастан Сейілханұлы, Ильзат Акчурин, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы