10 үйге ортақ жалғыз ауланы да құрылысшылар тартып алмақ. Алмалы ауданындағы Мәуленов көшесінің бойындағы ескі үйлердің бір-екеуі сүріліп, орнына көп қабатты тұрғын үй салынбақ екен. Наразылық танытқан тұрғындар балалар ойнайтын алаң онсыз да біреу ғана дейді. Арнамыздың ватсап нөміріне хабарласқан жұрттың жағдайын Айдана Мейрамбайқызы біліп келді.
Мәуленов көшесінде орналасқан 51-ші және 53-ші үйдің тұрғындары аула атаулыдан ада қаламыз деп бас көтерді. Осы маңдағы тұрғындар қолдары қалт еткенде тыныстайтын, одан қалды балаларын ойнататын жалғыз аулада құрылыс жүргізілетініне қапалы. Белгілі болғандай, ауланың бергі бетіндегі тозығы жеткен мына қос үй сүріледі екен. Ал, орнына 9 қабатты екі үй тұрғызылмақ. Осыдан бірер күн бұрын ауланы өлшеп, сызып кеткен құрылысшылар балалар ойнайтын жердің орнына үй салынатынан айтқан.
«Құрылыс жасайын деп жатыр. Біздің мына жақта балалардың ойнайтын жері осы жер. Мұнда 10 осындай үйлер бар. Сонда санағанда 60-70 бала бар. Мына құрылыс компаниясы осы жерде детский площадканы алып осы жерден разметканы жасап мына жақтан құрылыс болады деп кетті. Біздерден рұқсат сұрамай»,- Қала тұрғыны, Төлеген САПАРҒАЛИЕВ.
«Біз мұнда көпқабатты тұрғын үй салғанына түбегейлі қарсымыз. Өйткені, біріншіден балаларымыз ойнайтын жер қалмайды. Екіншіден, салынатын үйлер 9 қабатты болғандықтан, біздің 4 қабатты үйлерімізді жауып, күн сәулесін түсірмейді. Сондай-ақ, біз сейсмо-қауіпті аймақта тұрамыз. Жер сілкінген жағдайда барлық тұрғындар осы аулаға шығатынбыз. Егер бұл ауланы тартып алса бізге жүретін жер қалмайды ғой»,- деді Қала тұрғыны, Ирина РАЗИЕВА.
Тұрғындар 30-шы жылдары салынып, әбден ескірген үйдің сүрілуін құп көріп отыр. Тек, жауаптылар осындағы 10 үйге ортақ жалғыз ауламыздан айырмаса екен дейді. Алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, тар көшемен тиісті техника өте алмайды дегенді алға тартты. Тұрғындардың бұл шуын естіп, жағдайды барлауға әкімдік өкілі де келді. Шенділер, балалар ауласының орнына үй салмайтынын, тек құрылыс жұмыстары кезінде қаупсіздік үшін уақытша қоршауға алынады деді.
«Өрт, ондай жағдайда бүкіл біздің санитарлық және қауіпсіздік нормалардың барлығы сақталады. Ол міндетті түрде. Ол жаңағы жедел жәрдем, өрт сөндіретін көліктердің келуіне міндетті түрде 4 жағынан да жол қалдырылады»,- деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары, Ермек БЕЙСЕУОВ.
Мердігер компания осы айдың соңында ескі үйлерді сүріп құрылыс жұмыстарын бастамақ. Мұнда тұрғызылатын 9 қабатты қос үйде, 100 отбасы қоныстанады. Құрылысшылар биылғы жылдың аяғына дейін тек бір үйді аяқтап, әуелі сүрілген ескі үйдің тұрғындарын жаңаға жайғастыруды жоспарлапты. 5000 шаршы метр ауланың тек 1000 шаршы метріне баспана тұрғызылса, қалған аула көріктендіріліп, балаларға заманауи ойын алаңдары да жасалынады.
«Бұл жерде қазіргі кезде тұрған балалар алаңы өте ескі. Біз ол жерде балалар ауласының ішіне кірмейміз, біз оны уақытша жабамыз. Одан кейін ол жерде бізде бүгінгі таңда балалар ойнайтын алаң біреу ғана болса - 150 квадраттық болса, біз ол жерге 150 квадраттан 2 жерде болады және 500 квадраттық балалар ойнайтын алаң үшіншісін соғамыз. Ол жерде 3 балалар ойнайтын аула болады»,- деді Құрылыс компаниясының директоры, Ғабит МАМАТРАИЫМОВ.
Құрылысқа жауаптылар жаңадан бой көтеретін зәулім үйлердің бірінші қабатында 50 орынды балабақша да салатынын жеткізді. Әрі, ол бөбекжайлар қаланың меншігіне берілмек. Сондай-ақ, үй астында 110 орынды, ал алдында 40 орынды автотұрақ та болады. Бұл бастаманың барлығы қалалық құрылыс кеңесінде мақұлданған екен. Құрылыс жұмыстары толықтай 2018 жылы желтоқсанда аяқталады. Ал, жұмыс кезінде тұрғындарға еш кедергі келмейді деп сендірді мердігерлер де, әкімдік өкілдері де.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы