Жөнді жолдың жоқтығынан Наурызбай ауданының тұрғындары да жалыққан. "Қалқаман-2" ықшам ауданындағы кейбір көшелерде асфальт атымен ада. Бұрын-соңды төселмеген. Ал, шіліңгір ыстықта кеңезесі кебеді жұрттың. Өйткені, жаз шыға, ауыз судан қағылатын болған тұрғындар. Шамырқанған елдің уәжін Әнуарбек Жәлел жеткізсін.
Наурызбай ауданына қарасты Қалқаман ықшам ауданының Нұрпейісов көшесінің тұрғындары қала қатарына қосылғаннан бері жөнді жол көрмедік деп айтады. Тіпті, көктем мен күз кезінде мына көшеге көліктері ми батпаққа батып, қосымша эвакуатор шақыруға тура келеді екен. Ал, жаз айларында шаңнан көз ашпайды. Жергілікті түрғындардың сүйікті мезгілі қыс екен. Себебі, қар астында жолдың жоқ екені білінбейді.
Асфальт бұл көшеде атымен болмаған. Қала қатарына қосылған кезде жағдай жақсарады деп үміттенген халық, әлі күнге дейін қара батпақпен алысуға мәжбүр. Айтуларынша, кәріз, су құбырларын жүргізу үшін мына жолды сан рет қопарған. Құм төсеп, қалыпқа келтіруге талпынған тұрғындардың жұмысы зая кетеді екен.
«Асфальттың отходтарын төсеп, асфальтты кішкене өзімізге лайықты жасап едік одан кейін қайтадан қазып өтті. Жыл сайын қазады тоқтай алмай жатыр. Аурудың барлығы осы шаңнан шығады. Жерден шан көтерілгеннен кейін уже болмайды. Су дегеннің мәселесі - опшым жоқ. Мінекей, қазір жаз басталды. Фляг, шелек, баклажка тасып осылай күн көріп отырмыз»,- деді Тұрғын, Еркін ҚАЛИЕВ.
Аудандағы қордаланып қалған мәселелердің қатарында жарық, су және жол түйіткілі бар. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар, тек бұл көшеде ғана емес, Қалқаман ықшам ауданындағы 72 көшеде 2014 жылдан бері су және кәріз желілерін тарту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Осы уақытта жұмыстың 95 пайызы аяқталған.
«Сол Нұрпейісов көшесі, тағы басқа да 34 көше, 13 көше дейді және де кішігірім көшелер солармен бірге 34 көшеге жуық Алматы қаласының көлік тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы арқылы жол жабындысын жаңа жолдар салу жобасы іске асады осы жылы. Су беру және кәріз желілеріне қосылу ол да осы жылы жоспарлануда»,- деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.
Су және кәріз желілеріне Қалқаман тұрғындары жаз айларында қосылу мүмкіндігі толық пайда болмақ. Ал, жоспарлы түрде жол салу ағымдағы жылы жүзеге асады. Енді, жұмыстың қашан және қалай жүретінін тек уақыт көрсетеді.
Әнуарбек Жәлел, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы