Алматы облысында төрт-түлікке қырғидай тиетін қарақшылар көбейіп кеткен

11.08.2017 14:12

«Шелекте» төрт-түлікке қырғидай тиетін қарақшылар көбейіп кеткен. Небәрі бір жылда шамамен 100-ге тарта мал басы барымталаныпты. Ұрылар күндіз де, түнде де тұрғындардың қорасына түсуден именбейді екен. Ал полицейлер қарақшылармен күресте дәрменсіз. Шарасыз бұқара енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Малмен жан бағып отырған қараша халыққа бұл жайт ауыр тиіп отыр. Ұрылар күн демей, түн демей тұрғындардың зәре-құтын әбден қашырған. Шелек ауылының малшысы Нұржан Мәжиден осы күнге дейін 30 шақты ірі-қара ұрланған екен. Енді жоғалған малдың құнын өзімнің өтеуіме тура келеді деп қынжылады.

«3 тамызда кеште жоқ болды. 4-і күні кешке дейін қарадым, бір жерде қалып қалды ма деп. Алдында қоршаудың ішінен 3 бұзауды алып кетті. Одан кейін 2 ірі қара жоқ болды. Полицияға хабарластық, арыз жаздық, әне хабарлаймыз, міне хабарлаймыз деп. Былтыр мен өзім 20 қой жоғалттым. Ол да жоқ болып кетті. Ұры табылмайды. Заман не болып кетті?», - деді малшы Нұржан МӘЖИ.

Осыдан тура 10 күн бұрын күндізгі уақытта мына қорадан 3 бұзау жоғалған. Ал тағы 5 күннен кейін 2 сиыр ұрланды. Қарақшылар тіпті, сол кезде үй ішінде отырған малшылардан да сескенбепті. Ауыл тұрғындары ұрылар былтырғы жылдың күзінен бері қолға түспей келеді, дейді.

Бұл ауылдан небәрі бір жылда 100-ге жетағабыл төрт-түлік қолды болған екен. Барымташылар ұрлыққа шімірікпестен барады. Малынан бірте айырылып жатқан жұрт қарақшыларға тап болсақ, өзіміге шабуыл жасай ма деп жандарын шүберекке түйіп отыр.                

Шелек ауылының халқы құзырлы орындардан жағдайы ерекше қадағалауға алуды сұрап отыр. Өйткені, барлығының да күнкөрісі малға қараған. Ал тәртіп сақшыларының айтар уәжі жоқ. Біздің арна тілшілерін көре сала, ат тонын ала қашты.

Жалпы жыл басынан бері Шелек ауылдық округінде 8 мал ұрлау дерегі тіркелген екен. Бұл Алматы облысы Ішкі істер департаментінің мәліметтері. Қазіргі күні 2 фактінің беті ашылыпты.  

«Шелек ауылдық округінде 8 мал ұрлау дерегі тіркелген екен. Қазіргі күні 2 фактінің беті ашылды. Күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп қойды. Өткен жылы 98 факт тіркеліп, оның 44-і анықталған. Барлық құжаттар тиісті орындарға жіберіліп, ұсталғандарға қатысты жаза тағайындалды. Ұрыларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасады. Қалған деректер бойынша жұмыс атқарамыз», - деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Көбейхан НҰРАХМЕТ.

Ауыл халқын бірінен соң бірін зар жылатқан ұрылар ірі қараларға қырғидай тиюін қояр емес. Күн ара әр үйден мал тоналады. Халық жағдай бұлай жалғаса берсе, күн көрісіміз қиындап кете ме деп алаңдаулы.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы