Осы күзде Алматы аумағына 16 мың түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылады. Оның 5800 түптен астамын қала тұрғындары өткен сенбілікте егіп үлгерді. Жалпықалалық тазалық шарасына 200 мыңнан астам адам қатысты. Олар сенбіде таңертеңнен қолдарына күрек ұстап, көше бойларындағы арналардың көзін ашты. Арық-жылғаларды тазартты. Табиғат жанашырлары 38 шақырым өзен арналары мен жағалауды, 180 шақырым арық жүйелерін қоқыстан арылтты. 875 арнайы техника жұмылдырылып, 13500 текше метр қоқыс қала сыртындағы полигонға шығарылды. Қала тұрғындарымен қатар, Алматыны көріктендіруге қала әкімдігінің қызметкерлері де белсене қатысты.
«Ұжымменен келіп, ботаникалық бақтың аумағын тазалаудамыз. Көңіл-күйіміз керемет. Осындай сенбіліктер жиі болып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, қаланың тазалығы адамның денсаулығына үлкен әсер етеді. Сондықтан қала таза болса, денсаулығымыз да жақсара түседі деген ойдамын», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ләйлә МҰХАМЕТРАХИМОВА.
Тазалық шарасында қоршаулар мен қоқыс жәшіктері де боялды. Бұдан бөлек, Бостандық ауданында үйлердің бірінде ауласы абаттандырылды. Онда жергілікті кәсіпкерлер соңғы үлгідегі балалар алаңын салып беріпті. Көппен бірге қаланы көріктендіруге қатысқан қала әкімі тұрғындарға берілген жаңа алаңды көріп қайтты. Жалпықалалық сенбілік алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.