Жетісу ауданының тұрғындары жол сапасына наразы

27.06.2017 15:25

Жетісу ауданының тұрғындары көп жылдан бері жөндеу көрмей, шұрқ тесілген үй ауласындағы жолдарды жасап беруді талап етіп отыр. Тозығы жеткен жол көлік жүргізушілерін де, жүргіншілерді де мезі еткен. Ойдым жолдан кейбірі тіпті көліктерін де зақымдап алған. Ал, жергілікті билік биыл Жетісу ауданында 50 үй ауласындағы тас жол жаңартылады деп сендіріп отыр.

«Құлагер» ықшамауданындағы жолдың жайы осы. Шұрқ тесілген тас жолмен кез келген көлік әрең өтеді. Ал, жаңбыр жауса жаяу жүрген жұртқа обал. Көліктер шұңқырға жиылған суды үстімізге шашып малмандай етеді, дейді тұрғындар. Тозығы жеткен жол әсіресе көлігі барларды мезі еткен. Олар темір тұлпарларының астын соғып, талай шығынға батқан. Біраз жылдан бері бір де бір жөндеу көрмеген жолды тұрғындар шам-шарқы жеткенше өздері жасапты. Бірақ одан да қайыр болмаған. Алайда, қараша жұрт жауаптылардан ең болмағанда құм төсеуді сұраған.

«Бір машина құм түсір деп мына «Нұр Отанға» барып жазып кеткенмін. Жазып кетіңіз, біз акиматқа береміз, акимат сосын шешеді деді. Міне, биыл 1 жыл өтті, әлі осы жерге құм түсірген жоқ», - деді қала тұрғыны Роза ӘЛІБЕКОВА.

«Мына құмды өзіміз әкеліп төктік, тасты өзіміз төктік. 1 мөшек цемент әкеліп өз қолыммен төктім құм араластырып. Жаңбыр шайып кетеді. 10 жыл болды ремонт көрген жоқ, ПИК-ке барып айттым, олар «акиматқа жазып жатырмыз, жазып жатырмыз, айтып жатырмыз. Бізді адам құрлы көрмейді, тұрғындар енді өздерің айтыңдар» деді де бастарын алып қашты», - деді  қала тұрғыны Жұмахан НҰРТАЕВ.

«ПИК-ке де айтып жатырмыз, олар «біз жасамаймыз, оны акимат жасау керек» дейді. Акимат өзінің айналасын жақсылап жасап алды, мраморный бордюр қойып алды. Болды, акиматқа біз не керекпіз?», - деді қала тұрғыны Әтіргүл БЕГІМБЕТОВА.

Тұрғындар налығасын, уәжін тыңдауға әкімдік өкілі де жетті. Жауаптыларды көрген бойда тұрғындар талайдан бері қордаланған мәселесін жайып салды. Жолдан бөлек, ойын алаңының да жай-күйі қарашаның қытығына тиген. Олар 4 үйдің баларына ортақ алаңқайдың күйреп тұрғанына күйінді.

«Темірлерден істелгендіктен, олар әйтеуір құр сүлдері тұр. Әткеншектердің барлығы сынық, сонан кейін ана киім ілетін жерге балалар футбол алаңын жасап алған. Қайда барады енді?», - деді қала тұрғыны Біржан ТОЛБАЕВ.

Жол азабын тартқан тұрғындарды әкімдік өкілі сабырға шақырды. Әрі, шілде айының соңында жөндеу жұмыстары басталады деп сендірді. Айтуынша, биыл Жетісу ауданында 50 үйдің ауласы жөндеу көрсе, «Құлагер» ықшамауданында 12 аула жаңартылады екен. Бұған қала қазынасынан қажетті қаржы бөлініп, жоба мақұлданып қойыпты.

«Бұл жұмыстар бойынша асфальт жамылғысы ауыстырылады, жаңадан заманауи балаларға арналған алаңдар орнатылады. Жарықтандыру жүйелері жаңартылады», - деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек БАЙМҰХАМБЕТОВ.

«Құлагер» ықшамауданының барлық тас жолының сиқы осындай. Яғни, тозығы әбден жетіп, шұрқ тесілген. Мұны өз көзімен көрген жауаптылар жыл соңына дейін жөндеу жұмыстарын жүргізуді уәде етті.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы