Алматыда 16 отбасы газсыз, ыстық сусыз отыр

31.10.2017 21:28

Адам айтса нанғысыз! Бірақ Алматыда қаланың қақ ортасындағы тұрғын үйдің ішінде газ, ыстық су, тіпті санитарлық талаптар жоқ. Баспана бір күні сүріледі деген үмітпен, тұрғындар қамсыз өмір сүріп жатыр. Ал үйдің салынғанына 80 жылдан асыпты. Қазіргі тұрғындар ата-аналары секілді мұндай жағдайда өмір сүргілері келмейтіндігін айтуда. Апатты жағдайдағы үйдің мәселесі неге шешілмей жатыр? 


Қабырғасы қақырап, табалдырығы тозған мына үйдің салынғанына 80 жылдың жүзі болыпты. Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл  баспана апатты жағдайда тұр. Тұрғындардың пәтер ішінде газ балонды пайдаланғаны аздай, «ыстық су атымен жоқ», - дейді. Ал, дәретхана тіпті далада екен.  

Дәл осындай адам айтса нанғысыз жағдайда 16 отбасы күн кешуде. Тұрғын үйдің жыртығын жамап, жарығын ауыстыратын пәтер иелері кооперативі бұқараның базынасына жауап беруден үнемі қашқақтап жүреді. Тіпті, түбіртекте көрсетілген телефон нөміріне тіл қатпайды екен. Әйтсе де, ПИК жетекшілері ақша алуда алдарына жан салмайтын көрінеді. 1 бөлмелі пәтері барлар ай-сайын кем дегенде 7 мың теңгеден төлеп тұрады.  Жұмысты жапырып жасмайтындықтарын ескеріп жұртшылық біраузыздан ПИК қызметінің ақысын төлемей де көрген екен. Соңында, тұрғындардың өзін соттан-сотқа сүйрелейміз деп  сескендірсе керек.

«Біз прокуратураға, тұрғын үй испекциясын шағымдандық. Олардың бізге берген жауабы, «ПИК ешнәрсе істемесе, ақша төлемеңдер», - деді. Ал пәтер иелері кооперативі сот алдында жауап бересіңдер деп қысқа қайырды. 15 жылдың ішінде 5-6 пәтер иелері кооперативі ауысты. Соңғысы «Глобус» мекемесі. Мүлде ешнәрсе жасамайды, балалар алаңы ешқашан болмаған. Үйіміз қай кезде құлап қалар екен деп қорқып отырамыз», - деді тұрғын Алла КРИМНЕВА.

¤Бұл аздай, тұрғындар көршілеріне де қапалы. Нақтырақ айтқанда, осыдан 10 шақты жыл бұрын бұл үйдің 4 пәтерін «ГЛОБУС ҚАЗАҚСТАН»  деген жеке мекеме сатып алған. Содан бері, арзан бағаға кім көрігенге жалға беріліп келеді. Үнемі өзгеріп отыратын көршілер, тұрақты тұрғын Саид Рахматуллинге қоқан-лоққы да көрсетіпті. 

«Бір тәуілікке пәтерді жалға алғандар үнемі ащы суға сылқия тойып алып, айналадағы жұрттың мазасын қашырады. Сыртқа шығып, көліктерді шағып, жаппай төбелес шығарып жатады», - деді Саид РАХМАТУЛЛИН.

Өткен ғасырда бой көтерген бұл баспана «ескі үйлерді сүру» бағдарламасының тізіміне ғана іліккен. 2020 жылға дейін жоспарлаған жоба нақты қашан іске асатындығы белгісіз. Бір анығы, жергілікті билік, инвестицияны іскерлерден тартамыз дегенді алға тартуда. Ал, қалталылар қаржы құям дегенше, қарапайым халықтың  сабыр сақтай тұруларына тура келеді. 

«Желтоқсан 3 Б үйі бұл бағдарламаға кіреді. Тек инвестор іздеп отырмыз. Болған жағдайда, көрсетіп апарамыз. Содан кейін сүріліп, сол жерден тұрғындрға пәтер беріледі», - деді  Жетісу ауданының сәулетшісі  Құлтасов ҚАДЫРБЕРГЕН.

Әбден әбігреге түскен тұрғындар, мәселенің шешілуін күтуге мәжбүр. Дегенмен, кей тұрғындар ескі проблеманың ескерусіз қалдырған кооператив жетекшілерін жауапкершілікке тартқызғысы бар. 

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы